Баланың бетін қақпау қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін – Тоқаев

Динара Амантай

Президент ата-аналарды балалардың тәрбиесіне бей-жай қарамауға шақырды

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп қабырғасында балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауына жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлылығы себеп болатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Соңғы уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсуде. Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлылығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады. Мен Президент әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ президент ата-аналарды да балалардың тәрбиесіне бей-жай қарамауға шақырды.

 Мен кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырдым. Бұл бастама жақын арада іске асады. Жалпы, балаға психологиялық қысым жасалмауына ең алдымен ата-ана жете көңіл бөлуі керек. Ондай оқиға болса, мектептегі медиация қызметі мұғалімге және ата-анаға ескертіп, кәсіби медиаторлармен бірге балаға барынша көмек беруге тиіс. Барша ата-анаға айтарым, балаларыңыздың зорлық-зомбылық жасауына, қоғамдық тәртіпті бұзуына ерік бермеңіздер. Әсіресе, оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар. Баланың бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылықтарына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Алдағы уақытта заңға қайшы әрекеттерге бармас үшін мектеп тәртібін бұзушыларға алдын алу шараларын қазір қолданған жөн, – деді мемлекет басшысы.