Балалары өгей әкесімен бірге тұратын отбасылар тексеріле ме - ІІМ жауап берді
Оған нақты себеп болуға тиіс
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстанда өгей әкесімен тұратын балаларды тексеруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, өгей әкенің баланы тәрбиелеуі ешқандай жағдайда заңбұзушылық болып саналмайды.
Сондықтан бұл жағдай тексеруге себеп бола алмайды. Тексеруге тек кәмелетке толмағанның кейбір құқығы мен мүддесін немесе қылмыстық, әкімшілік заңнаманы бұзу себеп болуы мүмкін. Баланы өгей әкесі тәрбиелеп жатса, біз оны тексермейміз. Тіпті, (мұндай отбасыны тексеруді – автор) мүлде дұрыс емес деп санаймын, - деді Игорь Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Бұған дейін өгей әкесімен бірге тұрып жатқан балаларды тексеру туралы мәселе Бас прокуратурадағы ведомствоаралық кеңесте көтерілген еді.