×

Қазір тап болған мәселені шешу үшін білім де жаңғыруы керек – Нобель сыйлығының лауреаты

Рае Квон Чунг жасанды интеллект құрал болуы керек екенін алға тартты 

 Айгерім Таубай 05.10.2023 | 12:00
Фото: Halyq Uni

Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг Астанадағы Nobel Fest 2023 фестивалінде жаңа көзқарас пен дәстүрлі білімге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Бұл фестивальдің тақырыбы – жасанды интеллект. Өскелең ұрпақта барлық білім бар. Оны кез келген уақытта пайдала аласыз. Жасанды интеллект, ChatGPT болса да не жетпей жатыр? Өзіміздің саяси, әлеуметтік, қоршаған ортаға байланысты проблемаларымызды шешуге жеткілікті емес. Барлығының шешімін таба алмаймыз», – деді Рае Квон Чунг.

Ол жасанды интеллект құрал болуы керек екенін, басшы рөліне шығып кетпеуі қажет екенін айтты.

Ол қолымыздағы құрал болуы керек. Құрал ретінде пайдалану алу үшін креатив пен инсайтты дамытуымыз керек. Ол инсайт қайдан келеді? Бұрынғы тұрақты білімімізден келе ала ма? Көптеген дәстүрлі университеттер, жоғары білім мекемелері ауқымды мәселемен бетпе-бет келіп жатыр. Өйткені олар бұрынғы қатып қалған білімді өскелең ұрпаққа жеткізу жеткіліксіз екенін түсініп отыр. Қазір біз тап болып отырған мәселені бұрынғы біліммен шешу мүмкін емес, - деді Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг Астанадағы Nobel Fest 2023 фестивалінде.

Ол адамдарды қандай ортада тұрғысы келетінін ойлануға шақырды.

Инклюзивті, орнықты, бақытты, сапалы, денсаулық үшін қауіпсіз ортада өмір сүргіңіз келеді. Сіздер осы арманның барлығын алып, содан кейін ойлануыңыз керек. Бұрынғы, дәстүрлі білімнің бұған қаншалықты қатысы бар? Дәстүрлі білім мен армандайтын қоғамға жеткізе ала ма? Әлде жеткізе алмай ма? Соны бағалап, ойлану керек. Әлде болашаққа креативтілікпен қарау керек пе?, - деді Нобель сыйлығының лауреаты.

Сондай-ақ спикер климат өзгерісіне қатысты ойын айтты.

Климат өзгерісін зерттедім, бұл – үлкен проблема, сондай-ақ үлкен мүмкіндік. Бізде проблема көп, оларды шешуіміз керек. Климат бойынша сарапшы болсаңыз, өте көп жұмыс таба аласыз. Қазіргі жастар климат өзгерісін зерттеп жатыр және әлем бойынша маңызды лауазымдарға тағайындалып жатыр. Апатты апат деп ойлаудың қажеті жоқ, оған мүмкіндік ретінде қарау керек. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану үшін инсайт, өзіңіздің идеяларыңыз қажет. Дәстүрлі, бұрынғы білімді меңгеру жеткіліксіз, - деді Рае Квон Чунг.

Nobel Fest — Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір алмасуға және білім алмасуға арналған бірегей платформа.

Нобель фестивалінің басты миссиясы – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету.

Білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде фестивальдің бас серіктесі, Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі «Altyn Qyran Foundation» қолдап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама