Ермұрат Бапи: «Қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге дамуы керек еді»

Дәурен Ерболат

Мәжіліс депутаты премьер-министрдің атына бірнеше сауал жолдады

фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанда дәстүрлі діндердің дамуына барлық мүмкіндік жасалғанын, бірақ қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге, өнер ордаларымен қатар дамуы керегін айтты.

Біздің елде дәстүрлі діндердің дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Салынып жатқан мешіттер мен шіркеулердің санында шек жоқ. Үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіт пен храм салатын жер табылып жатыр. Қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге, өнер ордалармен қатар дамуы керек еді, - деді депутат.

Депутат Қазақстанның премьер министрі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына депутаттық сауал жолдап, діни секталар Қазақстанның бірнеше аумағында тарағанын айтты.

«Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек!

Бір өкініштісі, бұл исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында: әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизм идеясына табынушылар басып барады. Яғни,  теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз», - деп жалғады сөзін Ермұрат Бапи.

Депутат мемлекеттік «биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар» деген сөзге де тоқталды.

«Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені.

Иә, өркениет көшіне ерген біздің ел адам құқығын қадірлейді. Бұл – демократиялық принциптердің басты қағидасы. Бірақ сол еркін құқық бас бермей кетіп, біздің ұлттық және мемлекеттік діңімізді шайқалта бастаса, біз бұған көзжұмбайлықпен қарауға қақымыз жоқ! Конституция талабы бойынша, мемлекеттің зайырлы даму болашағын әлдебір күштердің иемденіп кетуіне жол бермеуіміз керек!», - деді депутат.

Одан бөлек, депутат «Ескі Қазақстан» уахабизм идеясы арқылы халықты әлеуметтік топтарға бөліп, билігін мейілінше ұзақ сақтауды көксейтінін айтты.

«Тағы бір мойындайтын мәселе – «Ескі Қазақстан» бұл қатердің шоғын үрлей түсуде. Қазақтың ұлттық дамуына қатерлі уахабизм идеясын халықтың біраз бөлігіне сіңірген «ескі режим» елді әлеуметтік топтарға бөлу арқылы өзінің жеке дара билігін мейілінше ұзақ сақтауды көкседі. Бүгінде сол «ескі Қазақстан» қазақтың ұлттық дәстүріне жат діни идеология арқылы «Жаңа Қазақстанның» жасампаздық жолына кесекөлденең тұруға ниетті. Оның алғашқы қанды нәтижесін Қаңтар оқиғасы кезінде көрдік.

Теріс діни ағымға қарсы қоғамның белсенді өкілдері әр жерден бұрық еткен уахабшылық дабыраға қал-қадірінше тойтарыс беріп жатыр. Бірақ біз әрбір локалдық күрестермен төніп келе жатқан теріс діни қатерге қарсы тұра алмаймыз.

Сондықтан ендігі жерде «мемлекет – діннен бөлек» немесе «дін – мемлекеттен бөлек» деп, сырттай бақылаушы болып, самарқау отыруға болмайды. Мұндай саяси тоғышарлық позиция біздің ұлттық тұтастығымыз бен мемлекеттік бірлігімізге бірте-бірте ор қазып жатқынын түсінетін кез келді», - деді депутат.

Осы ретте Мәжіліс депутаттары ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атынан бірнеше сауал жолдады:

  • Біріншіден, Сіз және Сіздің кабинетіңіз қалыптасқан күрделі жағдайды түйсініп отыр ма? Қоғамның діни негізде бөлшектену қаупіне қарсы іс-қимыл жоспары бар ма? 
  • Екіншіден, Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті және уәкілетті органдар бірлесіп, теріс діни ағымдар тудырып жатқан ұлттық алауыздықты шұғыл тоқтатудың амал-әрекеттері Президент назарына ұсынылды ма?
  • Үшіншіден, бұдан 12 жыл бұрын – 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келген жоқ па?   
  • Төртіншіден, қалыптасқан осы қоғамдық жағдайда біз барлық күш-жігерімізді біріктіріп, ұлт бірлігі мен мемлекеттің тұрақты даму жағдайын сақтауға Үкімет пен Парламент мүдделі болуы керек деп есептейміз. Егер Үкімет тарапынан қандай да бір тиісті құжат қабылдау бастамасы туатын болса, депутаттар оны қолдайды деген сенімім зор.

Ермұрат Бапи премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалын журналистерге түсіндіріп, уахабизм мен жат ағымдарды насихаттаудың артында кім тұрғанын айтты.

«Дәлелді алыстан іздеудің не қажеті бар? Кешегі Қазақстанда пайда болған, қазір діни емес, бір саяси күшке айналған уахаббизм және салафизм идеясының негізгі қолдаушылары, дем берушілері, қаржыландырушылары – Қайрат Сатыбалды. Бұдан артық қандай дәлел керек.

Қайрат Сатыбалды өзінің ағасы – «Ескі Қазақстанның» қолдауынсыз ешқашан ондайға бармайды? Менің ойымша, қоғамда осындай пікір бар. Қазақстанға теріс діни ағымдар 2002-2004 жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың ишарасымен, ымдауымен келген. Себебі, уахабизмде «Патшаға қарсы шықпа» деген сөз бар. Осының өзі сол кезде жеке дара билікті қолдаудың бір құралы ретінде пайдаланылды.

Осылайша, Қазақстанды діни негізде бөлшектеу басталып кетті. Мына жақта уаххабизм, салафизмі бар, құранидтері бар. Қазақ халқын ұлттық негізде біріктірмеу керек болды. Діни негізде бөлшектеп жіберіп, бөліп билеу идеологиясы қолданылды», - деді депутат.