×

Көлік апатынан күн сайын 5-6 адам көз жұмады – Үкімет басшысы

Тұрғындарың көлік жүргізу мәдениеті төмен

 Дәурен Ерболат 03.10.2023 | 11:43
фото: Halyq Uni

Қазақстанда күн сайын көлік апатынан 6 адам қаза табады. Бұл туралы бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол биыл жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің саны біршама төмендегенін атап өтті.

Дегенмен еліміздің күре жолдарында күніне орта есеппен әлі де 5-6 адамнан қаза табады. Әр цифрдың артында қаншама жанның өмірі мен денсаулығы тұр. Өкінішке қарай, бізде көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіп деңгейі төмен, - деді премьер-министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов жолдағы құқықбұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейіп жатқанын жеткізді.

Соған қарамастан полиция жол бойында мас күйде рөлге отырған және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған мыңдаған жүргізушіні ұстайды. Әрине, мұндай заң бұзушыларға барынша қатаң шара қолдану керек, - деді ол.

Үкімет басшысының пікірінше, жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылау жүйесіндегі жағдай да мәз емес.

«Бейнебақылау камералары мен басқа да техникалық құралдарды толық пайдалану мүмкін болмай тұр. Кей жерде олар жетіспей жатса, кей жерде мүлде жұмыс істемейді. Елді мекендердегі камералар санын көбейткен жөн, ал республикалық маңызы бар автожолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендерді белсенді пайдалану керек», - деді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама