Halyq Uni логотип
×

«Фильм кеңестік өлшеммен түсірілген». Тарихшы Ақан Сатаевтың тарихи тусындысын сынады

Бастапқыда тарихи жоба толықметражды фильм емес, телесериал болады деп жоспарланды

 Айнұр Шошаева 15.05.2022 | 18:00
«Фильм кеңестік өлшеммен түсірілген». Тарихшы Ақан Сатаевтың тарихи тусындысын сынады
коллаж: Halyq Uni

12 мамырдан бастап Қазақстан кионтеатрларында белгілі режиссер Ақан Сатаев түсірген «Ұлы дала таңы» атты тарихи фильм көрерменге жол тартты.

Тарихи туындыда Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Қасым ханның өмірі туралы баяндалады. Фильмде басты кейіпкердің бала кезі, Бұрындық хан тұсындағы сұлтан кезі мен хан болған кезеңі суреттеледі.

«Фильм мен кіріскелі бері 1,5 жылға жуық уақыт түсірілді. Екі айға жуық түсірілім күндері болды. Шығармашылық топқа 2,5 мыңға жуық адам қатысты. Әр жобаның өз ерекшелігі бар. Басты кейіпкер Қасым хан ХV-XVI ғасырда өмір сүрген. Ел болып қалыптасуымыздың бастауында тұрған тұлға болғандықтан, оны киноға шығару мен үшін үлкен жауапкершілік, бақыт. Көрермендердің көңілінен шығады деп үміттенемін», - деді Ақан Сатаев.

Фильм Алматы облысындағы Нарынқол, Кеген, Қапшағай мен Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының павильондарында түсірілді. Бастапқыда бұл жоба толықметражды фильм емес, телесериал болады деп жоспарланды. 75 сериядан тұратын жобаға түріктің «Ертұғрұл» сериалының режиссері Метин Гюнай шақырылған болатын.

«Кейін келе ол толықметражды фильм болды. Қаражаты да азайды. Фильм барсында қиындықтар болды. Өйткені қыста, жазда түсірдік. Арасында консервацияға тұрып қалдық. 2,5 сағат ішінде 20 минуттық шайқас сахналарын түсірдік. Оған актерлерді 2-3 ай бойы дайындадық. Тарихи жоба болғандықтан, дайындығы күрделі болды, оңайға түскен жоқ. Түсірілімге Украина мен Ресейден фрилансерлер тарттық, бірақ 99 пайыз қазақстандық мамандар болды. Біз ақпан айында түсірілімді бастадық, желтоқсан айында тәуелсіздік күнінде киноны тапсыруымыз керек еді. Уақыт тығыз болғандықтан түсірілім алаңында монтажын жасап отырдық. Бұны ноу-хау деуге болады», - деп қосты режиссер.

Айта кетейік, «Ұлы дала таңы» фильмінің сценарийін жазған сценарист, өнертанушы Бекболат Шекеров пен Ақан Сатаевтың бұрынғы жары - Нәзира Бақаева.

«Фильм сценариін жазған Бекболат Шекеров пен Нәзира Бақаева, сондай-ақ өзім де атсалыстым. Бұндай жобалар халқымыздың аздығына орай Қазақстан прокатында ақталмайды. Бұйырса шетелдік прокатқа шығарамыз. Мысалы, «Томирис» фильмі түркі елдеріне прокатқа шығарғанда жақсы өтті. Қазірдің өзінде Түркия «Қасым ханға» қызығушылық білдіріп жатыр», - деп қорытындылады сөзін режиссер.

«ТАРИХ БҰРМАЛАНҒАН. ФИЛЬМ КЕҢЕСТІК ӨЛШЕММЕН ТҮСІРІЛГЕН»

Белгілі тарихшы Жақсылық Сәбитов режиссер Ақан Сатевтың Қасым хан туралы фильмін сынады. Оның пікірінше, фильмде бейнеленген Қасым хан туралы кейбір фактілер бұрмаланған.

Тарихи фильмдер өткен тарихты насихаттап, қоғамға жеткізу үшін түсіріледі. Жақсылық Сәбитовтің ойынша, Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» фильміндегі тарихи оқиғалардың кейбірі шындыққа жанаспайды.

«Көп қате жіберілген. Біріншіден, 70-80 жылдары Мұхаммед Шайбани үлкен саяси күшке ие болған жоқ. Екіншіден, сол ғасырдың 70 жылдарында «қызылбастар» деген болмаған. Үшіншіден, 70 жылдары Керей мен Жәнібек әлі қайтыс болмаған. Фильмде 1470-1510 жылдар аралығында ештеңе өзгермеген. 1510 жылы ол 60-65 жастағы қарт адам болуы керек еді. Ал, ол керісінше каратэші сияқты. Тарихи тұрғыдан фильм сенімсіз шыққан, себебі онда шындыққа сәйкес келмейтін дүниелер көп», - деді сарапшы.

Тарихшы тарихи туындының сюжеттік желісіне де көңілі толмайтынын жеткізді.

«Қасым хан басында да, соңында да жақсы болып қалады. Менің ойымша, фильм кеңестік өлшем бойынша түсірілген. Супермен туралы әңгіме өткен ғасырдың 70-ші жылдарында қызықты еді. Фильмнің басында және соңында жақсы болып қалатын супер-позитивті кейіпкер ескі фильмдердің өлшемі сияқты әсер қалдырады. Қасым хан өмірде фильмдегідей болмаған. Ол елді тиімді басқарған, әккі саясаткер болды. Оның хандық құрған тұсында халық саны 1 миллионға дейін жетті. Ол шын мәнінде өте мықты хан болды. Қазақ хандығының ең үздік хандарының бірі болғанын аздап көрсеткендей, алайда бар билік оның қолына өздігінен келіп түскендей етіп бейнеленген», - деп толықтырды ойын.

Айта кетейік, фильм соңында Қасым ханның Мұхаммед Шайбанидің ұлы Саид ханмен кездесетін тұсы бар. Онда қазақ ханы бейбіт адамның бейнесінде сомдалған болатын. Тарихшы, Қасым хан шайбандарға қарсы соғыс ашпағанының себебі оның бейбіт келісім жасауымен байланыстырады. Тіпті, ұлын шайбанилер үшін Иранға соғысқа аттандырғанын айтады.

«Бұл саяси өтірік. Бірақ бұл адамның саясаттағы шеберлігі мен хан ретіндегі тиімді басшы екендігінің көрсеткіші. Бірақ фильмде мүлдем басқа батырды көріп отырмыз. Менің ойымша, бұл туындыда тек шайқас туралы сахналар сәтті шыққан. Соны жақсы беруге тырысқаны көрініп тұр.

Қайталап айтамын, тарих тұрғысынан қателік көп. Мәселен, кеше әріптесім байқап, айтып жатыр. Қасым ханның ұрысқа киіп шыққан дулығасы ең ерте дегенде 17 ғасырдан кейін пайда болған. Ал оны 15 ғасырдың аяғы мен 16 ғасырдың басындағы бұйым сияқты көрсетеді. Ондай реквизиттің ерте пайда болуы екіталай», - деді тарихшы.

Сондай-ақ тарихшы режиссер фильмде уақыт өлшеміне мән бермегенін айтады. Тарихи фильм түсіргенде әр детальға мән бермесе, кейін тұтас тарихтың бұрмаланып кетуіне әкелуі мүмкін.

40 жыл ішінде өзгермеген бірдей кейіпкерлерді көрсетеді. Мысалы, Қарашин Мұхаммед Шайбанидың аталығы 1470-1510 жж. аралығында, яғни 40 жыл ішінде ол өзгерген жоқ. Мұхаммед Шайбанидың тәрбиешісі болғанын ескерсек, дүниеге ерте келген. Яғни, 1510 жылы 80, 90 жаста болуы керек еді. Қателеспесем, тарих бойынша ол сонша өмір сүрмеген сияқты. Яғни, 40 жыл ішінде кейіпкерлер аздап болса да өзгерді, сақал өсіп, ақ шаш пайда болды, - дейді спикер. 

Жақсылық Сәбитов тарихи фильмдерді көбірек түсіруге қарсы емес. Алайда түсірілім жұмысына тарихты жетік білетін, қателігін көрсетіп отыратын мамандарды тарту керек деген пікірін қосты.

«Түсіру керек, бізде тарихи туындылар онсыз да аз. Мемлекеттік идеологияның маңызды құралы. Алайда түсірген кезде тарихи қателіктерін тауып беретін адамды шақыру керек. Бір әріптесім осы жобаға шақырылып, қателігін көрсетті. Бірақ оны тыңдаған жоқ. Менің ойымша, жаңадан ештеңе ойлап таппай-ақ, болған тарихты бүкпесіз көрсету керек. Егер Қасым ханды түріктер түсіргенде біз жақсы сюжетті көретін бе едік. Кез келген фильмнің көркемдік және ғылыми құраушы бөлігі бар. Ғылыми жағын білмеймін, бірақ түріктер сценарийін жақсы жазатын еді деп ойлаймын. Тарихи жағынан қаншалықты сенімді болатынын айту қиын, себебі оған тарихшыларды шақыру керек. Ал бүкіл Қазақстанда Қасым хан туралы зерттеген 3-4 тарихшы ғана бар шығар», - деп қорытындылады Жақсылық Сәбитов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама