«Нокаутпен жеңіп шық дедім»: бас бапкер Шымбергеновтің жеңісі туралы айтты
Алғашқы екі раундта Асланбек жеңіп тұрса да төрешілер ұпайды қарсыласқа беріп жіберген
Жазғы Азия ойындарында Қазақстан командасының капитаны Асланбек Шымбергенов 67 келіде әлем чемпионы атанған өзбекстандық Асаходжа Муйдинходжаевты нокаутпен жеңді. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов аталған жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.
Кездесудің алғашқы екі раундында төрешілер жеңісті қарсыласқа берді. Содан соң шешуші раундта Асланбек қарсыласын 3 мәрте нокдаунға жіберіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Бокс ережесі бойынша бір раундта 3 рет нокдаун алған боксшы нокаутпен жеңілді деп есептеледі.
Алғашқы екі раундта Асланбек жеңіп тұрса да төрешілер қарсыласқа беріп жіберді. Үшінші раунд басталарда оған: «Нокаутпен жеңіп шық», - дедім. Айтқаным айдай келді. Асланбек 3 рет нокдаун беріп, қарсыласын нокаутқа жіберді. Барша жанкүйерлерге рахмет! Елде отырып, бізге жанкүйер болған халыққа рахмет, - деді бас бапкер Мырзағали Айтжанов.
Еске сала кетсек, Асланбек Шымбергенов – 71 келі салмақта әлем және Азия чемпионы.