×

Ұлттық банк мәлімдеме жасады

Оның әр қазақстандық үшін маңызы бар

 Қымбат Елтайқызы 14.05.2022 | 21:00
фото: ашық дереккөзден

Ұлттық банк алаяқтықпен айналысатын сайттардың көбейгенін ескертеді. Олар өзін жеке инвестиция тарту үшін Ұлттық банк әзірлеген бағдарлама ретінде таныстырады. Ондай «бағдарламалардың» кейбірінде мобильдік қосымша да бар.

Анықталған ресурстарда «Мемлекеттің алтын-валюта қорынан» немесе «Қазақстанның ұлттық ресурстарынан» түсетін кірісті бағдарламаға қатысушылардың пайдасына бөлу туралы жалған ақпарат орналасқан. Сондай-ақ Ұлттық банк басшылығы, оның ішінде бұрынғы басшылар атынан шындыққа сәйкес келмейтін мәлімдемелер, қолданыста жоқ лицензиялар нөмірлері, жалған құқық белгілейтін құжаттардың скан-көшірмелері де берілген.

Мұндай ресурстарда алаяқтық әрекеттердің белгісі анық білінеді. Өйткені:

  • Ұлттық банк жеке тұлғалар шоттарына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жасамайды;
  • Ұлттық банк «Мемлекеттік қорлардан» пайда табу үшін қандай да бір платформалар әзірлеуге қатыспайды;
  • Байланыс құралы туралы мәлімет, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік органдарында тіркелген құқық белгілейтін құжаттар немесе тиісті лицензиялар көрсетілмеген (бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының лицензиялары бар ұйымдардың тізбесі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында «Қаржы нарығы» бөлімінде жарияланған).

Түптеп келгенде мұндай фейк сайттардың мақсаты – кездейсоқ интернет-пайдаланушының жеке деректерін жинау әрі ақша ұрлау.

Ұлттық банк мұндай жарнамаларды елемеуге, керісінше, бұл контентті алаяқтық деп белгілеуге, ал жеке мағлұматтың тарап кетуіне жол берілген жағдайда алаяқтық фактісі бойынша іс тексерілуі үшін тиісті өтінішпен құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.

Бұған дейін де Ұлттық банк маңызды мәлімдеме жасаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама