Әділет министрі мемлекеттік тілде әзірленетін заң мәтініне қатысты мәселе барын мойындады
Бұдан былай Қазақстанда заңдағы нормалар алдымен мемлекеттік тілде дайындалып, содан кейін басқа тілдерге аударылады. Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде заңдар мен заң жобалары алдымен орыс тілінде әзірленіп, содан кейін ғана қазақ тіліне аударылады.
«Расында да мемлекеттік органдар заң жобаларын ең алдымен орыс тілінде әзірлеп, одан кейін Google Translate арқылы мемлекеттік тілге аудара салады. Әрине, ондай мәтінде сапа қайдан болсын?! Мүлде келісуге болмайтын жайт. Бұл біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселе», - деді Азамат Есқараев Астанада өтіп жатқан заңнама және құқықтық ақпарат институтының 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда.
Әділет министрі құжатты мемлекеттік тілде жазу мәселесін ведомствоның алқа мәжілісінде арнайы көтергенін жеткізді.
Бүгінде заң жобалауға бастамашылық жасайтын мемлекеттік органдарға заң нормаларын ең алдымен қазақ тілінде жазып, одан кейін қажет болса басқа тілге аударуды ұсынып жатырмыз, - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ Азамат Есқараев кейбір мемлекеттік органдарға заң нормаларын қазақ тілінде жазуды талап ете алмайтынын, тек ұсыныс беретінін жеткізді.
«(Бастаманы) Әділет министрлігінде қолға алдық. Мысалы, өзіміздің ведомстволық топта Қылмыстық кодекске, Қылмыстық-процессуалдық кодекске өзгертулер енгізуді мемлекеттік тілде әзірлеуді қолға алып отырмыз», - деді министр.