Миллиардер Рубен Варданян тұтқындалды
Бүгін Әзербайжанда Қарабақтағы армян сепаратистерінің бұрынғы басшысы Рубен Варданян тұтқындалды. Әзербайжан полициясы оны Лашын дәлізінде тұтқындады.
Өткен жолы Әзербайжан тарапы Қарабақ армяндарының басшыларымен келіссөзде Рубен Варданянды саяси тұтқын ретінде беруді талап еткен еді. Сол кезде армян сепаратистері үндеген жоқ. Енді Варданян көп ұзамай Әзербайжанның Қарабақ өңірінен қашып бара жатқан жерінен ұсталды.
Варданян бұрын Ресей Федерациясының азаматы болған. Ол азаматтықтан 2022 жылы бас тартып, жер-жүзінде ешқандай ел мойындамаған Таулы Қарабақ сепаратистік құрылымында «мемлекеттік министр» атанған. Сол жылы Әзербайжан Ресейден келген сепаратистердің басшысынан елден кетуін талап еткен. Оған Варданян көнбей, Қарабақта «қызметін» жалғастыра берген.
2023 жылы ол қызметінен кеткен. Бірақ, Қарабақта қалған. Бұл адам – дәулетті адам, миллиардер.
Ресейде миллиардер болған. Бизнесін 1991 жылдан бастаған. «АвтоВАЗ», «КамАЗ» секілді Ресейдің ірі компанияларында үлескер болған.
Сонымен Варданиян ұсталды. Енді кезек кімге келеді? Сарапшы Амандық Әмірхамзиннің айтуынша, енді кезек армян бизнесмендері - Ара Абрамян, Самвел Карапетян мен Давид Галстянға келуі мүмкін.
Бұл адамдар да есепте тұр, – деді ол.
Сонымен бірге оның пікірінше, бұл тізімде Қарабақта соғысты қаржыландырған Араик Арутюнян, Арменияның Қарабақтан шыққан бұрынғы президенттері - Роберт Кочарян мен Серж Саргсян, Арменияның Қорғаныс министрі Сейран Оганян, сепаратистердің жетекшілері Давид Бабаян, Арман Бабаджанян мен Джалал Арутюнян да бар. Қазір Әзербайжан құқық қорғау органдары оларды іздестіруде.
Ал Таулы Қарабақта Бірінші және Екінші соғысты айтпағанда осылардың кесірінен антитеррорлық операцияда 192 әзербайжан сарбазы қаза тауып, 511 жараланды.