Бүгін ол чемпион болып қоймай, командаластарымен бірге Азия ойындарының рекордын да жасады
Бүгін Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарында стендтік атудан Қазақстанның әйелдер құрамасында алтын медальді Әсем Орынбаймен және Зоя Кравченкомен бірге Ольга Панарина жеңіп алды.
Осылайша, спортшы Азиаданың алтын жүлдесін 53 жасында алып отыр.
Біріншіден, мен көп жаттығамын. Екіншіден, спортшылар қартаймайды. Мен спортпен өмір бойы айналысып келемін. Нысана көздеумен жас кезімнен бері айналысамын. Сондықтан қандай жарыс болса да оған құлшынып кірісемін. Барлық командаластарыма алғыс айтамын. Менен кеңес сұрағандарға әрқашан көмектесуге тырысамын. Біздің ұжымымыз өте тату. Менің ойымша. бұл жеңіс – осы командалық рухтың нәтижесі. Мен бұл медалімді қарт ата-анама арнағым келеді. Олар әрқашан менімен бірге. Мені әрқашан қолдап келеді, – деді Ольга Панарина.
Азиада чемпионы мен рекордшысының немересі бар. Еске сала кетсек, бүгін командалық жарыста ол Әсем Орынбаймен және Зоя Кравченкомен бірге 350 ұпай жинап, жарыстың рекордын жасаған болатын.