Halyq Uni логотип
×

Азиадада орындардан үміті жоқ спортшыларды үйде қалдырған жөн болар еді – Несіп Жүнісбайұлы

Азия ойындарына 524 спортшы әкелуімізді өз басым жөн санап отырған жоқпын, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 25.09.2023 | 16:21
Азиадада орындардан үміті жоқ спортшыларды үйде қалдырған жөн болар еді – Несіп Жүнісбайұлы
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Редакияға спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері Несіп Жүнісбайұлының Қытайдың Ханчжоу қаласынан XIX Азия ойындарының ашылу салтанаты, осы жарысқа қатысып жатқан спортшыларымыз туралы материалы түсті. Материалда автор Азиададағы жарыстар, оған қатысатын отандастарымыздың мүмкіндігі туралы айта келіп, құрлықтың Олимпиадасы саналатын ойындарды насихаттауда өз ұсыныстарын айтады. Енді соны оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Түнде ғана төрткүл әлемді таң қалдырып,салтанатты түрде ашылған XIX жазғы Азия ойындары өз сөресінен шығып, алғашқы қадамын жасап та үлгерді.

Бүгін дүлдүл жарыстың шымылдығын ашқан бессайысшылар мен дзюдошылар арасында финалға барып бір-ақ тірелген қазақстандық спортшылар бар. Олар жайлы жарқ еткен жеңістерінен кейін әңгімелейміз.

Қытайдың Ханчжоуындағы Азия ойындары кереметтей көріністерге толы боп ашылды. Әуелде Қытай елінің еңбекқор халқының маңдай терін бейнелейтін көріністерге толы стадион-сахна ұзамай әлемдік өркениеттің ғажап өркендеуін паш етіп, адам көзі көрсе де сенбес көріністермен бас игізгенін несіне жасырамыз. Жарық қуатымен ғаламат сахналық көріністерге куә еткен ұйымдастырушылар биік аспанға Қытай туы мен Азия Олимпиадалық Кеңесінің жалауын қадағанша стадионға лық толған 80 000 жанкүйер демдерін бір-ақ рет алған шығар. Әр елдің спорт делегацияларының шеруі де бұл жолы өзгеше болды. Кереметтей тартымды,кереметтей сүйкімді болды!

Біз өз еліміздің мемлекеттік туын жанарымызбен аймалап отырып шығарып салдық. Шеруге шыққан спортшыларымыздың қарасы бүкіл қатысушылар арасында 2-5 орындарда болғаны даусыз. Бұл әзірге сан жағынан қол жеткен жеңіс қана. Сапа жағынан алатын орын 8 қазанда жарыстың жабылу салтанаты күні жарияланады. Сол күні «балапандарды» санаймыз. «Е,бәрін көріп алған соң бәрі білгіш!», деп айтпау үшін бүгін айтарым мынау: Азия ойындарына 524 спортшы әкелуімізді өз басым жөн санап отырған жоқпын. Мен білетін Қазақстанда Азия Олимпиадасында жүлделі орындарға таласатын мұншама атлет жоқ!

Рас, талантты жастарды осында сынға салып, маңдай терлерін тамшылата беру керек. Бірақ соны есепке алғанның өзінде делегациямызда 300-324 спортшы болса жарасар еді. Бұл атлеттердің осы ойындарға лицензия-жолдама ұтқандары да сөзсіз. Бірақ бапкерлер қосыны, ғылыми-сараптама тобы осындай майдан қыл суыратын мәселелермен айналысуға тиіс. Ұлы жарыста 1-10 орындардан үміті жоқ спортшыларға алғыс айтып, үйде қалдырған жөн болар ма еді. Бұл, біріншіден, Ойындар қорытындысы шыққанда, 30-50 орындарда ұялап қалған қыз-жігіттер үшін ұялып, жерге қарамау үшін керек! Екіншіден, бұл Ойындарға қатысқан әр адам бірнеше миллион теңге ақша шашады! Еліміздегі бүгінгі қиынға таяу экономикалық жағдайда бір тиынның өзі жыртыққа жамау. Үшіншіден, Азия ойындарына Қазақстан спортының бүгіні мен болашағын зерттеу үшін арнайы зерттеу-эксперт тобы келіп жатса (Ондай топтың болуы уақыт талабы!), оларға жарты мыңнан аса спортшылардың аяқ алысын бақылап, ғылыми қорытынды шығару аса қиын болады. Мұншама спортшыны жарысқа қайрап салу мен әрқайсына сөз көмегі, рух көмегі, бапкерлік және медициналық көмек көрсету де оңай емес. Осы жерде бізден халық саны көп болса да Ханчжоуға небәрі 350 спортшы алып келген көршілес Өзбекстанға құрметпен қарағандайсың. Есесіне, олар Ойындарға 35 журналист жіберіпті. Үлгі алар үрдіс. Біздің делегацияға да, біздер қаламгерлерге де қамқоршы боп отырған Samruk-Kazyna әл-ауқат қоры, Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олмпиадалық комитеті, Туризм және спорт индустриясы қорына алғыс білдіре отырып айтарымыз: осы мәселеде Азия және Олимпиадалық ойындар кезінде үнемі күн тәртібінде тұруға тиіс! Өркениетті елдер әлдеқашан өз спорт журналистерін билік қызметшісі емес, қалың елге спортты насихаттайтын, Азия, Олимпиада ойындарының ештемемен салыстыруға келмейтін құдыретін көпке жаятын бірден-бір құрал санап, Ойындарға бір спортшы жіберсе де оған 10 журналист қосып аттандыруды жолға әлдеқашан қойып алған! Бізге де сол үрдістерге икемделу артық етпейді.

...Сонымен Қытайдың Ханчжоу қаласында XIX Азия ойындары салтанатты түрде ашылды! Жарыстың ашылуы ғажап болды. Әр жарысты ұлттық бренді дәрежесіне жеткізіп өткізетін ұлы Қытай бұл жолы да әлемді таң қалдырды: «Лотос» деп аталатын көруге көз керек стадионда өткен екі жарым сағаттық спектакльді көзіміз жасқа толып, кірпік қақпай қарадық. Сонау 2008 жылы өз астанасы Бейжіндегі «Құс ұясы» стадионында өткен жазғы Олимпиаданың ашылуы да көз алдымызда. Мына Азия ойындарының ашылуы тура соның заңды жалғасы болды! Ойпырмай, Қытай-ай, қымс етсе әлемді таңдай қақтырып қоятын не құдіретің бар осы?!! Жол болсын,16 күндік жолға шыққан жазғы Азиада! Өзің үшін де, біз, Қазақстан үшін де жарыс жолдарың сәттіліке толы болып, 524 спортшымыз бір-бірден арқалап келген қоржынымыздың дені бос қайтпасын! Ханчжоуға еңсемізді көтеріп жеттік,әмсе,сол еңсеміз ауылымызға қайтарда да биік болғай!!!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама