Тоқаев Байденді Орталық Азияға қарсы ядролық қару қолданбауға шақырды
Бұған дейін хаттаманы Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбритания ратификациялаған болатын
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Джо Байденмен және Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездесуінде Америка басшысын ядролық қарусыз Орталық Азия туралы хаттаманы ратификациялауға шақырды.
Осы хаттаманы ратификациялаған елдер Орталық Азия мемлекеттеріне қарсы ядролық қару қолданбауға және осы аймақ елдерін жаппай қырып-қою қаруын қолданамын деп қорқытпауға міндеттеме алды.
Бұл қадам аймақтың ядролық қарусыз мәртебесін институттандыру процесін аяқтайды және ядролық қарусыздану мен таратпауды нығайту жөніндегі халықаралық күш-жігердің маңызды кезеңі болады, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ кездесуде Орталық Азияның солтүстік жарты шар аумағында ядролық арсеналдарды орналастыруға тыйым салынған жалғыз аймақ екені атап өтілді.
Бұған дейін хаттаманы Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбритания ратификациялаған болатын.
Америка Құрама Штаттары мұны жасамаған жалғыз ядролық держава болып қала береді. Онда хаттамаға қол қойылды, бірақ ратификацияланған жоқ.