Мұхтархан Ділдәбеков: «Әттең, Қамшыбекке бір «қамшы» жетіспей тұр» (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Енді Қамшыбек менің осы сөздерімді естіп, ашуы келіп, бір оянар, – деп қайрады ол боксшыны

Фото: olympic.kz

You tube-тегі QAZAQ RING арнасында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, аса ауыр салмақта Олимпиалық ойындардың және әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері Мұхтархан Ділдәбеков Қазақстан ұлттық құрама командасының аса ауыр салмақтағы боксшысы Қамшыбек Қоңқабаевтың шаршы алаңдағы жекпе-жектері туралы ойларын айтты.

2000 жылғы Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері ұлттық құраманың боксшысына батылдық жетіспей тұрғанын ескертті.

Азия ойындары болсын, басқа жарыс болсын, қазақ пен өзбектің бәсекесі бар. Жеңілген қарсыласыңды жеңу үшін жұмыс істеу керек. Қамшыбектің мысы бар. Бірақ оны ұратын «қамшы» жоқ. Қамшыбектің нокаутқа жіберетін соққылары жоқ. Түртіп жүреді. Ал оған қарсыласынан қашпау керек. Қамшыбек сенімсіз бокстасады. Спортта өмір тез өтіп кететінін білесіздер ғой. Енді Қамшыбек менің осы сөздерімді естіп, ашуы келіп, бір оянар, – деді ол, боксшыны қайрап.

Студия қонағы Азия ойындарына аттанған ұлттық құрама командасына сәттілік тілеп, қазақ боксына қатысты басқа да ойларын айтты.

Еске сала кетсек, кеше бокстан Қазақстанның ұлттық құрама командасы Алматы халықаралық әуежайынан Қытайдың Ханчжоу қаласына XIX жазғы Азия ойындарына қатысу үшін бірінші чартерлік рейспен ұшып кеткен еді. Бүгін олар Олимпиадалық қалашықта еліміздің мемлекеттік туын салтанатты түрде көтеру рәсіміне қатысты. Енді боксшылар 4 күн жарысқа дайындалады. Ұлттық құраманың алғашқы жекпе-жектері 25 қыркүйекте болады.

Тағы бір айта кетерлігі, биылғы Азиададан кейін ҚБФ президентінің жеке қаражатынан сыйақылар беріледі. Алтын медаль үшін чемпиондар 50 мың АҚШ долларын, күміс жүлдегерлер 30 мың АҚШ долларын, қола медаль үшін 10 мың АҚШ долларын алады.

Қытай шаршы алаңында ел намысын қорғайтын боксшылар:

51 кг. Сәкен Бибосынов

57 кг. Махмұд Сабырхан

63,5 кг. Ертуған Зейнулинов

71 кг. Асланбек Шымбергенов

80 кг. Нұрбек Оралбай

92 кг. Сағындық Тоғамбай

+92 кг. Қамшыбек Қонқабаев.