Самат Әбіштен кейін жаңа фигуранттардың есімі аталуы керек – депутат

Дәурен Ерболат

Депутаттар Қаңтар оқиғасы бойынша тергеуге алынған Самат Әбіш туралы пікірін айтты

2023 жылдың 19 қыркүйегінде Бас прокуратураның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдалану әрекеті бойынша тергеліп жатыр.

Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Самат Әбішке ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімов және оның үш орынбасары сотталды.

Осы ретте Halyq Uni тілшісі тергеуге алынған Самат Әбіш туралы бірқатар Мәжіліс депутатының пікірін білді.

- Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің үстінен қылмыстық тергеу тым кеш басталмады ма? Себебі, Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бірнеше орынбасары ұсталған. Мәсімовтің бірінші орынбасары болған Самат Әбіштің тергеуге алынуы нені білдіреді? Неге 20 ай бойы ол еркіндікте жүрді?

Максим Рожин, депутат:

- Адам қашан болса да заң алдында жауап беруі керек.

Наталья Дементьева, депутат:

- Заң алдында бәріміз теңбіз. Заң аясында бәріміз істеген ісімізге жауап беруге тиістіміз. Қазір тергеу басталды, бәрі заң аясында шешіледі деп ойлаймын.

Марат Башимов, депутат:

- Кімнің туысы екені бәрібір, Конституцияға сәйкес келмейді. Әрбір азаматтың жеке құқығы бар.

Ермұрат Бапи, депутат:

- «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дейді ғой. Негізі, қоғамда оның Қаңтар оқиғасы бар деп саналады. Менің түсінігімде, Қаңтар оқиғасына қатысы бар және соның басында тұрған «Ескі Қазақстанның» ымыраластары тергелуі керек. Тым құрығанда сұралуы керек. Ерте ме, кеш пе Самат Әбіштің үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқаны қоғамдағы қатқылданған дүниені біраз жібітті деп ойлаймын.

Бәріне белгілі, Самат Әбішке қатысты тергеу құпия жүреді. Бірақ осы тергеудің соңынан тағы да жаңа есімдер атала ма деп ойлаймын.

Жарқынбек Амантайұлы, депутат:

- Заң бәріне ортақ, заңның алдында бәрі бірдей. Мемлекетімізде «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» кезеңдер болды. Шенділер мен шекпенділер ойынан келгенін жасайтын заман болды. Бұл жағдай (Самат Әбіштің ұсталуы – ред.) сол заманның өткенін көрсетеді.

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Олар генерал атағынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды.