Таулы Қарабақ: Әзербайжан екі күнде жеңіске жетті
Ертең Евлах қаласында келіссөз болады
Бүгін Әзербайжанның Қарабақ экономикалық өңірінде армян сепаратистері қару-жарақтарын тастап, жеңілгенін мойындап, заңсыз әскери құрылымдарын тарататынын мәлімдеді.
Сонымен, екі күнге созылған қарулы қақтығыста армян сепаратистері капитуляция жасады. Бұл туралы Әзербайжан Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Қарулы қақтығыс қалай басталды?
Осыдан бірнеше күн бұрын Әзербайжанның Хожабенд аймағында жарылыс болып, 6 адам қаза тапқан еді. Жарылыс жаңадан салынған жолда болған. Әзербайжан тарапы жарылысты армян диверсиялық топтарынан көріп, жергілікті сипаттағы террорға қарсы операцияны бастап кетті.
Әзербайжан қоғамы да Қарабақтағы армян сепаратистерінің қолында қалған аймақты толық қайтару үшін әскери операция бастауды талап етті. Сөйтіп, көп ұзамай, Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Қарабақта Конституциялық тәртіпті орнату мақсатында жергілікті сипатта антитеррорлық іс-шаралар басталғанын мәлімдеді.
Операцияға қарсы Қарабақтағы армян сепаратистері де қарап жатпады. Олар Әзербайжанның позицияларын атқылай бастады. Шуша қаласын атқылады. Жалпы, Армения Қарулы күштері соңғы айларда жүйелі түрде Әзербайжан позицияларына соққы беріп, атқылап келеді. Бірақ осы кезге дейін Әзербайжан тарапы шыдамдылық танытып, террористерге қарсы қару қолданбаған.
Әзербайжан Қорғаныс министрлігі үндеу жасады
Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Қарабақтағы жергілікті сипаттағы антитеррорлық операцияға байланысты Қарабақтың тұрғындарына үндеу жасады. Онда мынадай талаптар атап көрсетілген:
Қарулы қақтығыс аймағындағы бейбіт тұрғындар әскери нысандардан аулақ болуы керек;
Әкімшілік, әлеуметтік, білім беру, медициналық, діни нысандардың күзеті ұйымдастырылады;
Қарулы қақтығыс аумағындағы, Лачин дәлізіндегі бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін арнайы гуманитарлық дәліздер ашылады;
Ресейдің бітімгер күштеріне антитеррорлық операцияның болатыны ескертілген. Сондай-ақ түрік-орыс бірлескен мониторинг орталығына ескерту жасалды.
Міне, Қарабақ тұрғындарына осындай үндеу жолданды. Онда қарап отырсаңыз, Әзербайжан әскері түрік-орыс бірлескен мониторинг орталығы мен Ресейдің бітімгер күштерінің алдынан өтіп, операция жүргізуге толық рұқсат алған сияқты. Осы үндеуден кейін Әзербайжан тарапы террористерге тағы да мәлімдеме жасады.
Бұл қақтығысты тоқтатудың жалғыз жолы бар. Ол – Қарабақтағы армяндарды қарусыздандыру және «Таулы Қарабақ республикасы» деген құрылымды толық жою, – деп мәлімдеді.
Армения: «Таулы Қарабақ – Әзербайжанның жері»
Әзербайжан мен Қарабақтағы армян сепаратистерінің арасындағы қарулы қақтығысқа Армения билігі де араласқысы келді. Армения Үкіметінің басшысы Николь Пашинян осы жағдайға байланысты шұғыл түрде Қауіпсіздік кеңесінің жиынын шақырды. Ол кеңесте БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі мен Ресей бітімгерлік күштері Қарабақтағы соғысты тоқтатуға тиіс екенін айтып, Әзербайжаннан қару қолданбауды сұрады.
Қарабақта Арменияның әскері жоқ. Біз Қарабақтағы жағдайға бола Әзербайжанмен әскери қақтығысқа түскіміз келмейді. Бізді Әзербайжанмен соғысқа араластыру әрекетіне жол бермейміз. Қарабақтың мәселесін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Ресей бітімгерлік күштері шешсін, – деді Армения тарапы.
Әзербайжан жағы болса, тағы да Қарабақты армяндардың заңсыз әскери құрылымынан тазартамыз деп мәлімдеді.
Біздің мақсатымыз – Қарабақтағы заңсыз әскери құрылымның көзін жою. Бейбіт тұрғындарға қарсы әрекет етпейміз, – деді ӘР Қорғаныс министрлігінің өкілдері.
Әзербайжан Республикасы президентінің кеңесшісі Хикмет Гаджиев те қарулы күштердің Қарабақтағы армяндардың әскери нысандарына дәл соққы беріп жатқанын, одан қарапайым халықтың зардап шекпегенін атап өтті.
Осы кезде ӘР Қорғаныс ведомствосы антитеррорлық операцияның сәтті жалғасып жатқанын хабарлады. Министрліктің мәліметіне қарағанда, Әзербайжанның бақылауына 60-қа жуық әскери бекет өтті. 20 әскери көлік, 40 артиллериялық қондырғы, 30 миномет, екі зенитті-зымыран кешені мен 6 радиоэлектронды станция жойылды. Ал Армения тарапы басқаша дерек келтірді. «Азаттық радиосы» Армян қызметінің хабарлауынша, Таулы Қарабақта Әзербайжан әскері жүргізіп жатқан антитеррорлық операциядан 25 адам қаза тауып, 138-і жараланған.
Қарулы қақтығыс кезінде Арменияның астанасы – Ереван қаласында халық Үкіметке қарсы наразылық акциясына шықты. Олар Николь Пашиняннан отставкаға кетуді талап етті. Сонымен бірге наразылық білдірушілер Ресейдің Армениядағы елшілігі ғимаратының жанына барып, РФ билігін, Қарабақтағы бітімгершілік саясатын сынады. Олар Ресейге бірнеше талап қойды.
Бүгін Ереванда наразылық акциясы кешегідей болған жоқ. Халық тарап кетті.
«Біз – бір халық, екі мемлекетпіз!»: Түркия Әзербайжанға тағы жақтасты
Кеше Түркия Республикасының президенті Режеп-Тайып Ердоған БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебаты кезінде сөз сөйлеп, Қарабақтағы жағдай туралы айтты. Ол Түркияның Қарабақтағы қақтығыста толығымен Әзербайжанды қолдайтынын, егер керек болса, бауырлас ел үшін соғысуға да дайын екенін мәлімдеді. Сонымен бірге ол Арменияның 2020 жылы жасалған үшжақты келісімді орындамай жатқанын, соның кесірінен Таулы Қарабақтығы даулы мәселе әлі шешімін таппай отырғанын ескертті.
Армения өзі мойнына алған міндеттер мен уәделерді орындауы керек. Әуелі Зангезур дәлізін ашудан бастасын. Біздің мақсатымыз – Қарабақтағы барлық адамның бейбіт өмірін қамтамасыз ету. Қарабақ – Әзербайжандікі! Басқа статус жоқ! Біз Әзербайжанды қолдаймыз! Біз «Бір халық – екі мемлекет» деген ұранмен жүреміз, – деді Ердоған.
Түркия басшысының сөзі залда отырған адамдарға қатты әсер етті. Әсіресе, оның «Қарабақ – Әзербайжандікі!» деген сөзіне риза болған көпшілік орындарынан тұрып қол шапалақтады.
Осы жерде атап өтерлігі, Қарабақ Әзербайжанның жері екенін Армения билігі де мойындап отыр. Бұл туралы АР премьер-министрі талай рет айтқан. Осы жолы да ол Қарабақтың Әзербайжанға тиесілі территория екенін тағы қайталап, қарсы тараптан қару қолданбауды өтінді.
Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян да Қарабаққа қатысты ресми биліктің ұстанымын айтып, Әзерайжанға қарсы ештеңе істей алмайтынын жасырмады.
Армения Қарабақты қорғамайды. Өйткені Қарабақ Арменияның жері емес, – деді ол.
Қазір осы қақтығыстан Ресейдің өзі басын ала қашып жатқан сияқты. Айта берсек, оған мысал көп. Мысалы, Украинадағы соғыс Ресейдің басқа елдерге мойын бұра алмайтынын көрсетіп отыр. Қазір Ресейдің ішкі жағдайы да мәз емес. Ел экономикасы күн өткен сайын нашарлап, жалпы ішкі өнімнің деңгейі түсіп барады. Осы күндері, керісінше, Ресейдің өзіне сырттан көмек керек болып тұр. Осыған байланысты Ресей Мемлекеттік думасы Қарабақтағы бітімгерлік күштер өздеріне қауіп төнбесе, қару қолдана алмайтынын айтып, армян сепаратистеріне көмек беруден ашық бас тартты. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Әзербайжан билігіне хабарласып, Қарабақтағы армян террористерімен сыйласып, диалог құруды ұсынды. Бұған, әрине, Әзербайжан көніп отырған жоқ.
Біз Қарабақтағы заңсыз әскери құрылым қаруларын тастап, толық берілгенде ғана операцияны аяқтаймыз. Біз оларды екі рет бейбіт диалогқа шақырдық. Реинтеграция мәселесін шешуді ұсындық. Олар қабылдаған жоқ, – деді ел президенті Ильхам Әлиев.
Бұған Блинкен жауап бере алмады. Қазір Қарабақ Әзербайжанның аумағы екенін Иран Ислам Республикасы да мойындап отыр. Иран билігі мәселені шешудің жолы ретінде 3+3 форматына әрқашан дайын екенін айтты.
Қазір қолда бар мәліметке қарағанда, Әзербайжан әскері Ханкендінің түбінде тұр. Әскери операция жалғасуда. Ханкендідегі армяндар Қожалы әуежайына ағылып жатыр деген ақпарат шықты. Соған қарағанда сепаратистер халықты ұстап тұра алмай жатқан көрінеді. Олар Ханкендідегі халықты қалқан етіп отырған еді. Енді міне, халық та бас сауғалап қаланы тастап кетсе, капитуляция жасаудан басқа амал қалмайды.
Сепаратистер Әзербайжанның талабын орындауға келісті
Осыдан кейін Қарабақтағы сепаратистер жағдайды бағалап, ешкімнен көмек ала алмайтынын біліп, Әзербайжанға өздері үндеу жасады.
Атысты тоқтатайық, келіссөзге келейік, – деп мәлімдеді террористердің басшылары.
Ханкендідегі сепаратистік құрылым басшылары Әзербайжанның талабын орындап, келіссөзді Евлахта өткізуге келісті.
Соңғы мәліметке қарасақ, Әзербайжан Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады.
1. Әзербайжанның Қарабағында орналасқан Армения Қарулы күштері мен заңсыз армян әскери құрылымдары қаруларын тастап, өздерінің әскери позицияларына шегінеді. Әскери посттар бекеттер толық қарусыздандырылып жатыр. Армения Әзербайжан жерінен әскерін шығарады. Заңсыз әскери құрылымдар да тарқатылады.
2. Қарабақтағы заңсыз әскери құрылымдар ауыр әскери техникалар мен қару-жарақтарын тастап жатыр.
3. Барлық жағдайды Ресей бітімгерлері бақылап отыр.
4. Әзербайжанның талабымен, 21 қыркүйекте Евлах қаласында заңсыз армян әскери құрылымы басшыларымен кездесу өтеді.
Әзербайжан Қорғаныс министрлігі антитеррорлық операцияның себебі ретінде Ходжабенттегі терактіні атады. Ол жерде жоғарыда атап өткеніміздей, мина жарылып, 6 адам қаза тапты.
Осылайша Қарабақтағы армян сепаратистері жеңілгенін мойындады. Осы жағдайға байланысты Арменияның премьер-министрі Николь Пашинян тағы да мәлімдеді жасады. Ол Арменияның Әзербайжан мен Қарабақ армяндарының келіссөзіне қатыспағанын, бұл іске араласпағанын да айтты. Сонымен бірге ол Арменияның Әзербайжанның Қарабақ бойынша мәлімдемесін ескеретінін, бірақ бір түсініксіз жағдайдың бар екенін жеткізді.
Бізге Қарабақтағы Армения Қарулы күштерін шығару туралы пункт түсініксіз. 2021 жылдан бастап Қарабақта Армения әскері болған жоқ қой. Дегенмен біз Қарабақтағы жағдайды әлі де бақылап отырамыз!, – деді ол.
Ресей де Әзербайжанның екі күндік операциясына қатысты пікір білдірді.
Екі күндік әскери операция туралы айтар болсақ, Әзербайжан заң жүзінде өз территориясында операция өткізді, – деді РФ президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Ал Арменияда халық Қарабақтағы жеңілісті мойындамай тағы көшеге шығып жатыр. Қарабақтың орталығы – Ханкендінің армяндары болса, Ресей бітімгерлерінің лагеріне барып, қоныстанып жатыр деген дерек шықты.