«Бірде-бір дәрігер өз пациентіне өлім тілемейді»: Депутат Талғардағы оқиғаға пікір білдірді
Ол медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Алматы облысы Талғар қаласында болған келеңсіз оқиғаға қатысты мәселе көтерді. Депутаттың айтуынша, медицина қызметкерлеріне күш көрсетуге мүлде жол беруге болмайды.
Сондай зорлық-зомбылық салдарынан медицина қызметкерлері жабық ми жарақаттары, мидың ісінуі, жабық сүйек сынықтары сынды өміріне қауіп төндіретін ауыр жарақаттар алып жатыр.
Оның сөзінше, жалпы, мұндай ұрып-соғу әрекеттері жиі болып тұрады. Алматы облысында пышақпен шабуыл жасалса, Алматыда науқас гастроэнтерологты атып өлтірген.
Дәрігер ретінде айта аламын, бірде-бір дәрігер өз пациентіне өлім тілемейді. Алайда олар күнделікті жұмысында түрлі дөрекілікке, қорлыққа және ашулы туыстардың шабуылына жиі тап болады. Мысалы, бір Алматы облысының өзінде жедел-жәрдем қызметкерлеріне 12 рет шабуыл жасалған. Оның қасында қаншамасы үнсіз қалып, жұмыстан шығып кетіп жатыр. Ендеше нені күтіп отырмыз? Елімізде медицина қызметкерлеріне пациенттер мен туыстарының зорлық-зомбылық көрсетуі қашаннан бері қалыпты жағдайға айналған?! - дейді Гүлдара Нұрымова.
Соған байланысты Талғар ауданында болған заңсыз әрекеттерге әділ баға беріліп, кінәлілер заң қатаңдығымен жазалануын сұрайды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң қабылдайтын шақ туғанын жеткізді.