«Алаяқтықтың 80 пайызын намаз оқитындар жасайды»: Зайытовқа кімдер шабуылдап жүр?
Ешбір топтың алдында тізерлеп кешірім сұрамаймын! - дейді ол
Сұхбаттарының бірінде «Қазақстандағы алаяқтықтың 80 пайызын жасайтын қауым – намаз оқитын қауым» деген Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовқа ақпараттық шабуыл жасалып жатқан көрінеді.
Оның айтуынша, кейінгі екі күнде парақшасына екпінді ақпараттық және психологиялық шабуыл басталған.
Мұны өзім де күткенмін. Себебі оған етім үйренген. Мұндай шабуылдар маған 2008, 2011, 2019 жылдары да жасалған. Жасырмаймын, оңай емес. Бірақ шыдауға тура келеді. Енді сіздерге бұл технология қалай жасақталатынын түсіндіруге тырысайын. Мысалы, осы жолғы шабуылдың тақырыбы, менің намаз оқып жүріп алаяқтық жасайтын адамдар жайлы айтқан сөзімді алға тартып, сол арқылы қоғамды маған қарсы қоймақ. Мақсаты белгілі. Біріншісі – мені қорқыту, екіншісі – менің жеке басыма қастандық жасалса, осы себептен екен дегізу, – деп жазды Ринат Зайытов Facebook-тегі парақшасына.
Алайда депутат өзіне қарсы шыққандардың бәріне беретін бір-ақ жауабы бар екенін алға тартты.
Қадірлі ағайын, мен де өздеріңіз сияқты көп пенденің бірімін. Ешкімнен тығылып, ешкімнен қашып жүрген жоқпын. Қандай да бір айтарларыңыз болса, жауабын беруге дайынмын. Бар арманым – елімнің дұрыс өмір сүргенін, отанымның гүлденгенін көру ғана. Ешбір топтың алдында тізерлеп кешірім сұрамаймын! Өйткені оған себеп көріп тұрған жоқпын. Әлеуметтік желі шулады екен деп дірілдейтін қорқақтарың мен емес, – деді ол.
Айтуынша, оны әлдебіреулер WhatsApp арқылы да қорқытпақ болған көрінеді. Бірақ олардан да шошып жүрмегенін айтқан депутат жұмысқа аптасына бес күн жаяу барып-келетінін, қолдарынан келсе сол кезде жолығуға болатынын ескертіп қойды.