«Қазба байлықтан келген пайданы әр азаматтың есепшотына түсіруге болады»: заңгер референдум туралы
5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша республикалық референдум өтеді
Өткен айдың соңында Конституциядан Елбасының мәртебесі мен артықшылығы туралы баптар алынып тасталатыны туралы айтылды. Артынша Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов оны растап, соған сай Елбасы туралы конституциялық заң да күшін жоятынын айтты. Ал 5 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Соған байланысты Ата заңның үштен бірі өзгермек. Ол қандай өзгерістер? Негізгі заңдағы жоспарланып отырған өзгерістер жайында бізге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ҚР заңнама институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы Марат Сәрсембаев түсінікті тілмен айтып берді.
- Референдум өткізу не үшін керек болды?
- Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды екі түрлі жолмен енгізуге болады: бірі Парламент қабылдаған заң арқылы және референдум арқылы. Референдум өткізетін жағдайда Конституцияға түзету енгізу жөніндегі заңды Парламент кері қайтарып тастауға тиіс.
Референдум деген бүкіл Қазақстан халқы, яғни 18 жастан асқан ересектер Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынысын қолдай ма, қолдамай ма деген сұраққа бюллетень арқылы дауыс беру. Қарапайым тілмен айтқанда, референдум демократияның озық үлгісін көрсетеді. Халық қалай шешсе, солай болады. Ал мемлекеттік органдар өз құзіреттерін халық дауыс берген конституция талаптарына сай орындайды. Бұл өте маңызды. Өйткені, Конституция – еліміздің негізгі заңы. Оның нормалары бүкіл ел аумағында жоғары заңды күшіне ие. Сондықтан бүкіл азамат референдумға қатысып, енгізілген түзетулерге не келісетінін, не келіспейтінін білдіруі өте маңызды.
Процедураның аса қиындығы жоқ, бюллетеньде сұрақтың қарсы бетінде «иә» және «жоқ» деген 2 шаршы тұрады. Егер азамат Конституциядағы түзетулерді қолдаса, «жоқ» деген шаршыны сызып тастап, «иә» деген шаршыны қалдырады. Келіспесе, керісінше. Сондықтан әрбір азаматтың референдум аумағына келіп, пікір білдіргені дұрыс. Сол арқылы ол мемлекеттің одан әрі даму бағытына шынайы түрде атсалысады.
Референдумды жақтаған күштерге оның керек екенін дәлелдеуге тура келді. Себебі, қазіргі қолданыстағы Конституцияға 27 жыл ішінде Парламент әртүрлі өзгерістер енгізді. Бірақ ол жөнінде халықтың пікірін сұраған жоқ. Негізі сұрауы керек. Өйткені, бұл Конституцияны 1995 жылдың 30-тамызында қабылдаған халық. Сондықтан оған қандай да бір өзгерістер мен толықтыруларды тек халық қана енгізуге тиіс-ті. Егер ылғи халықпен референдум немесе демократияның басқа да жолдарымен санасып отырса, бәлкім, қазақстандықтар қаңтардағы секілді трагедияға ұшырамас па еді?! Шынтуайтында Конституцияны бір адам өзгертіп отырса, ол авторитаризмге (жеке билік режиміне) әкеледі, солай болды да. Ол дұрыс емес.
Заңгер университеттердің профессорлары мен ұстаздары референдум мен конституциялық өзгерістердің мәнісін студенттік аудиторияларында ғана емес, ұйымдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың ұжымдарында да түсіндіріп, сұрақтарына жауап бергені жөн деп есептейді.
- Ата заңға біраз өзгеріс енгізіліп жатыр. Жәй оқырманға түсінікті болуы үшін қарапайым тілмен қалай айтсақ болады, негізгі заңда не өзгеріп жатыр?
- Жалпылама айтсақ, Конституциядағы көп жағдайда халықтың қатысуынсыз енгізілген барлық келеңсіз тұстарды демократиялық мемлекеттік басқару жағына қарай реформалау ұсынылып отыр.
- Конституцияда Елбасының мәртебесі айқын көрсетілген еді. Қазір оған қандай өзгеріс енгізіліп отыр?
- Әуелде Конституцияда тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы дәрежесін алып тастау мүмкіндігі туралы айтылды. Кейін жағдайды референдумға қарай ойыстыра алған шақта халықтың Конституциядағы бұл нормаға дауыс бермейтіні түсінікті болды. Нақ осы үшін ол мәселені референдум бюллетеніне қоспау туралы шешім қабылданды. Өйткені, халықтың оны бәрібір мақұлдап дауыс бермейтіні анық білінді.
- Конституцияның үштен бірі өзгерейін деп жатыр. Негізінен қандай бағыттар бойынша өзгереді?
- Өзгеретіні мынадай негізгі бағыттар: Президенттің жақын туыстары мемлекетте жоғары лауазымды қызмет иелене алмайтын жағдайды мақұлдау көзделіп отыр. Бірінші президентте ондай мүмкіндік болған.
Елімізде осы күнге дейін пропорционалды сайлау жүйесі болып келді. Халық жекелеген депутаттарға емес, бүкіл партиялық тізімге дауыс берді. Ол тізімге депутаттыққа кандидат ретінде негізінен ел билігінің қалауына сай адамдар кірді. Енді Мәжілістегі бүкіл депутаттық орынның 30%-ын халықтың өзі ұсынып, тікелей сайлау арқылы өзі дауыс беретін нақты депутатына беру ұсынылып отыр.
Конституцияға Қазақстан территориясындағы жер мен қазба байлықтың иесі мемлекет емес, халық болатыны жазылсын деген ұсыныс берілді. Ата заңға осындай норманы бекітсек, кейін қарапайым заңдар арқылы Қазақстанның әрбір азаматы өзінің жеке есепшотына елдің мұнай мен газ және басқа да пайдалы қазба байлықтары өндірісі мен экспортынан белгілі бір көлемде түсім алып отыратындай жағдайға қол жеткізуге болады.
Сонымен бірге, Мәжілістің республикалық мемлекеттік бюджеттің орындалуын қадағалайтын Жоғары аудиторлық палата қызметін үстінен қарайтын бақылау мүмкіндігін күшейту жөнінде ұсыныстар бар. Соған мынаны да қоса кетсем деймін. Кез келген қорды мемлекеттік қаржыландырудан алып тастау керек. Оларды қаржыландырмай және жаңа қорларды да мүлде тіркемеу әлдеқайда тиімді болар еді.
Еске салайық, Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова референдум аясында Конституциядағы 33 бапқа 56 түзету енгізілетінін айтты.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда 5 маусымда өтетін референдумға бюджеттен 16 млрд 460 млн теңге бөлінетінін мәлімдеді.