Келесі жылы республикадағы ең төменгі жалақы 85 мың теңге көлемінде болады
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстандағы ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек деп санайды. Депутаттың пікірінше, қазір елдегі ең төменгі жалақы тым аз және ол бұл мәселені бюджетке салмақ түсірмей де шешуге болатынын жеткізді.
Қазір республикадағы ең төменгі жалақы - 70 мың теңге көлемінде. Мемлекет басшысы 2024 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.
Ринат Зайытовтың мәлімдемесімен оның Мәжілістегі басқа әріптестері келісе ме? Осы ретте Halyq Uni тілшісі бірқатар депутаттың пікірін білді.
Темір Қырықбаев, депутат:
- Бұған дейін Қазақстандағы ең төменгі жалақы 23 мың теңгеден басталып, 44 мың теңге болды. Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ең төменгі жалақыны кемінде 85 мың теңгеге көтеру керек деген еді. Бұл да жақсы. Әрине, мен (әріптесімнің айтқанына – автор) қосыламын. Өйткені, әрбір қазақстандық кемінде 200-300 мың теңге айлық алса, нұр үстіне нұр болады.
Самат Нұртаза, депутат:
- Әріптесім Ринат Зайытовпен толық келісемін. Барлығын жіліктеп түсіндіріп берді. Менің ойымша, қазіргі қымбатшылықта 85 мың теңге – өте аз. Сондықтан әріптесімді толық қолдаймын. (Қазақстандағы ең төменгі жалақы) 200 мың теңге немесе 300 мың теңге болуы керек пе? Оны нақты білмеймін, есептеу керек.
Аян Зейнуллин, депутат:
- Ринат Рифхатұлы орташа жалақы қалай болатынын санап берді. (Видеосын) көрдіңіз. Дәл сол ақпарат бойынша 254 мың теңге шықты. Бір айға отбасыға 85 мың теңге жетпейді. Менің ойымша, ең төменгі жалақы 120-140 мың теңге болуы керек. Мысалы, күйеуі мен әйелі 120-140 мың теңге алды делік. Енді бұл – ең төменгі жалақы ғой. Әрине, бұл – өте аз.
Нартай Сәрсенғалиев, депутат:
- Мен халықтың жалақысының өскенін қолдаймын әрі қалаймын. Қазір сіздерге дәл осылай өсіру керек деп айта алмаймын. Неге? Өйткені мұнда арнайы экономикалық сараптама қажет. Біз есептеуіміз керек. Дей тұрғанмен, 85 мың теңге бір отбасы тұрмақ, бір адамның лайықты өмір сүруіне жетпейді деп кепілдік бере аламын. Себебі, елді аралағанда 85 мың теңге тұрмақ, 185 мың теңге берсең де там-тұмдап жеткізуге тура келетініне көз жеткіздік. Мұндай жағдайларды жақсы білемін. Елімізде кедейшілік пен жоқшылық өршіп бара жатыр. Осыған байланысты президент Жолдауды экономикалық, әлеуметтік бағытқа арнады.
Айгүл Құспан, депутат:
- Әрине, мен әріптесіммен келісемін. Алайда бюджетті талқылағанда ондағы қаржының 70%-ы әлеуметтік қажеттілікке жұмсалады. Көмек, көмек және тағы көмек. Сондай-ақ бізде басқа да шығындар бар ғой: шекара қызметі, ішкі істер органдары. Бізге қару-жарақ сатып алу керек. Себебі өз әскерін қамтамасыз ете алмаған ел біреудің әскерін қамтамасыз етеді деген сөз бар. Бізге инфрақұрылымға, жолдарға, зауыттардың құрылысына және тағы басқа салаларға қаржы құю керек. Сондықтан жыл сайын мемлекеттік бюджеттің 70%-ын әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсай алмайсыз. Ол жаққа қаржы бағытталып жатыр. Алайда бұл қаражат құмға сіңген су сияқты.
Менің ойымша, біз масылдық пиғылдан арылуымыз керек. Бірақ еліміздегі барлық адам масыл деп айтпаймын. Жақында мен Ыстанбұлда болдым. Әуе рейсі келгенше уақытым болды. Қаланы аралап үлгердім. Таңғы сағат 6-да оянып, көшелерді аралаймын деп шештім. Онда зейнет жасындағы түрік азаматтары үлкен арбаға тауарын тиеп, базарға сатуға апара жатты. Бұл – зейнет жасындағы адамдар. Біз «50 жастан асқасын қартайдық. Енді жұмыс істей алмаймыз. Мені зейнетке шығарыңдар» деп ойлаймыз. Онда (Түркияда) адамдар жұмыс істеп жүр. Осының арқасында олардың дені сау, белсенді. Мысалы, менің Алматыда тұратын құрбым бар. Ол Талғарда бау-бақша егеді. Оның қандай қызанақ пен алма өсіретінін көрсеңіз. Ол өзінің өнімін бізге де береді.
Айтайын дегенім, егер жұмыс істесеңіз, талпынсаңыз, әл-ауқатыңызды арттыруға болады.
Асхат Рақымжанов, депутат:
- Біз бұл мәселені үнемі бақылап, көтеріп жүрміз. Биыл шілдеден бастап партиямыз тарифтердің бағасын бақылауға алды. Себебі электр энергиясының қымбаттауы бәріне әсер етеді. Сондықтан біз осы жобаны іске қостық. Қазір ең төменгі тұтыну себеті шамамен 100-120 мың теңге болуы керек. Астанадағы көрсеткіш ең жоғары – 140 мың теңге.
Менің ойымша, осыны ескерсек, онда ең төменгі жалақы да жоғары болуға тиіс. Мысалы, қазақстандықтар жалақысының 50-70%-ын азық-түлікке жұмсайды. Осылайша, олардың материалдық игіліктерді сатып алуға мүмкіндігі болмайды: түрлі қызметтер, тарифтерді төлеу, емделу, демалу, баспана сатып алу, киім-кешек. Сондықтан ең төменгі жалақы кем дегенде 350 мың теңге болуы керек.