Бұрынғы КСРО елдерінің бәрімен соғысамыз! – РФ Мемлекеттік думасының депутаты
Евгений Федоров тағы да мәлімдеме жасады
Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттердің тәуелсіздігіне қатысты тағы да мәлімдеме жасады. Мәлімдемені «ПУТИН в Telegram» арнасы жариялады.
Ол 1991 жылы КСРО ыдырағанда оның құрамында болған одақтас республикалардың тәуелсіздікті заңсыз алғанын, сондықтан Ресейге ерте ме, кеш пе, өз территориясын қалпына келтіру үшін осы елдердің бәрімен соғысуға тура келетінін атап өтті.
Теория жағынан алғанда бұрынғы одақтас республикалар тәуелсіз ел атанып, Ресейдің мүддесіне қарама-қайшы әрекетке барды. Бұл елдермен соғысудан басқа амал қалмады. Өйткені бізге өз жерімізді қайтарып алу керек қой. Мысалы, Беларусьпен дәл қазір соғысамыз деп айта алмаймын. Ал Грузиямен соғысып көрдік. Қазір Украинамен соғысып жатырмыз. Болашақта Армениямен қарулы қақтығыс болуы әбден мүмкін, – деді ол.
Сонымен бірге ол 1991 жылы КСРО республикаларының егемендігі туралы заңы бұзылғанын, осы заңға сәйкес Кеңес Одағының құрамында болған елдер тез арада Ресеймен келісімге келіп, заңды мәртебесін анықтап алу керектігін айтты.
Әзірге Ресей депутатының мәлімдемесіне КСРО елдері арасынан Өзбекстанның депутаттары ғана жауап қайтарды.
Өзі жүрген бір қияли екен, – деді Олий Мажилисінің депутаттары бір ауыздан.
Қазақстан болса, әзірше Федоровтың пікіріне жауап берген жоқ. Ол кезінде қазақ халқының тарихта ешқашан болмағанын айтып, еліміздің КСРО-дан шыққанына күмәнданып, тәуелсіздігімізге тіл тигізген еді. Сол кезде оған Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед, Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығысқа қатысқан ардегерлердің республикалық ұйымының төрағасы Мұрат Мұхамеджанов пен басқа да азаматтар қарсы шығып, одан қазақ елінің алдында тізерлетіп тұрып кешірім сұратқан болатын.