Сарапшы мектеп бағдарламасындағы орыс әдебиетінің орнын әлем әдебиеті алмастыруы керек деп есептейді
Мәжіліс депутаттары Қазақстандағы мектеп бағдарламасынан орыс әдебиетін алып тастап, орнына әлем әдебиетін оқыту туралы бастама көтерген болатын. Бұл қоғамда түрлі пікір туғызды. Орта білім саласындағы сарапшы Нұрмұхамед Досыбаев бұған алдымен саяси ерік-жігер, сосын әлем әдебиетін оқыта алатын мамандар қажетін айтады. Сарапшы бұл туралы Abay LIVE Youtube арнасына берген сұхбатында айтқан.
«Әлем әдебиетін оқытсақ, сол бағдарламаға орыс жазушылары да кіреді ғой. Ал орыс әдебиетін ғана оқытсақ, оған орыс әлемі ғана кіреді. Шекспир сияқты басқа жазушылар оқытылмай қалады. Сондықтан бұл бастаманы жаңа ұрпағымыздың көкжиегін кеңейту мақсатындағы ұнысыс деп қабылдауымыз керек. Ал солай болған жағдайда әлем әдебиеті қай тілде оқытылады, оған дайын мамандар бар ма? Қазір оған дайын қай тілді мықты білетін мамандар бар, сол тілде оқытып бастай беру қажет. Алайда мемлекет қазақ тіліндегі мамандарды дайындап, қаржы бөлуі қажет. Бұл мемлекеттің құзіретіне жатады, сондықтан саяси қолдауы керек», - деп пікір білдірді маман.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «Қазақстанда орыс тілі әдебиетінің сағатын қысқарту керек. Неге біздің балалар тек орыс әдебиетін оқуы керек?» деп мәселе көтерген еді.