Екі елдің басшылары бір-бірін қиын кезде де қолдайтынын айтты
Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ынның келіссөзі аяқталды. Келіссөз төрт сағатқа созылды.
Келіссөздің басында Путин мен Ким Чен Ын «Восточный» ғарыш айлағындағы «Ангара» ракета-тасығышын құрастыру жұмысымен танысты. Осы жерде КХДР басшысына ракетаны таныстырған ғарыш айлағының қызметкері оны ұшыру биылғы жылға жоспарланғанын айтты.
Ракета 24 тоннадан астам жүкті Жер орбитасына шығара алады, – деді ол Солтүстік Кореяның өкіліне.
Одан кейін Путин мен Ким Чен Ын ғарыш аппараттарын орбитаға шығаратын «Союз-2» ракета-тасығышын ұшыру кешенін де аралап көрді. Ресей БАҚ-ның хабарлауынша, Солтүстік Кореяның басшысы ғарыш айлағын аралап жүрген кезде көп сұрақ қойған. Оны әсіресе, ракета отыны туралы мәлімет қызықтырған. Оған ғарыш айлағының мамандары мәлімет беріп отырған. Арасында Путин де бірнеше ақпарат берген.
Мемлекеттер басшылары «Союз-2» ракета-тасығышын ұшыру кешенін де аралап болған соң, оңашада әңгімелескен. Оның алдында Ресей журналистерінің бірі Путиннен: «Ресей Солтүстік Кореяға ғарыш спутниктерін құрастыруға көмектесе ме?» деп сұрағанда РФ басшысы: «Әлбетте, Ким Чен Ын жолдас сол үшін «Восточный» айлағына келген жоқ па?!», – деп жауап берген. Сосын Путин: «Солтүстік Корея басшысы ракета техникасына үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Олар ғарышты да дамытуға күш салып жатыр», – деп жауабын нақтылаған.
Ал екі ел басшыларының оңаша кездесуі «Восточный» айлағындағы «Союз-2» техникалық кешенінің инженерлік корпусының залында болды. Кездесу төрт сағатқа созылған. Әзірше кездесуде не айтылғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Ресей болсын, басқа елдердің БАҚ болсын екі ел басшыларының кездесуден кейін айтқан сөздерін ғана жариялап жатыр. Онда Ресей президенті Путин: «Солтүстік Корей нағыз көрші ел. Ол әріптестікті, бейбіт көршілік қарым-қатынастарды нығайтқысы келеді. Әрқашан бейбітшілік үшін қызмет етіп жүр», – деді.
Өз кезегінде Ким Чен Ын: «Сыртқы жаулармен соғыста Ресей әскері мен халқы жеңіске жетеді. Себебі, Ресей империализмге қарсы күрес жүргізіп жатыр. Біз президент Путин мен Ресей Үкіметінің барша шешімін құптаймыз», – деді.
Сондай-ақ, ол бұдан кейін Ресей мен Солтүстік Кореяның қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілетінін, екі елдің ынтымақтастығы саясатта, экономикада, әскерде, мәдениетте нығая беретінін айтты. Осыдан-ақ төрт сағатқа созылған келіссөздің екі жаққа да нәтижелі болғанын көруге болады.