«Ақ жол» фракциясының депутаты блогерлердің жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынды
Соны ашық талқылаудың орнына, биліктің үнсіздік танытуы күмән тудырады
Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаты Ерлік Өмірғали блогерлер мен вайнерлерге шүйлікті. Айтуынша, әлеуметтік желілерде «ойына келгенін істеп жүретін» олар көбінесе моральдық немесе құқықтық негіздерді мойындамайтын көрінеді. Сондықтан БАҚ туралы заңда оларға қатысты да белгілі бір шектеулердің болғаны жөн. Бұл туралы депутат өзінің Facebook-тегі парақшасына жазды.
«Қаңтар оқиғасына дейін, қыркүйек айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір интернет ғасыры. Теріс ақпараттың үлкен ағымы қазіргі ұрпақтың санасын улайды. Оны жаппай тарату жалған мағыналар мен қысқа мерзімді құндылықтарға ие. Бұл – өте қауіпті үрдіс» деген еді. Сонымен қатар, биылғы 16 наурыздағы Жолдауында ол мемлекеттің, қоғамның мүдделерін және медиа саласының даму тенденцияларын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырды. Бұл ретте басты назар БАҚ-тың демократиялық үдерістегі рөлін шектемей, күшейтуге аударылды. Бірақ билік тарапы ондаған (мүмкін жүздеген) халықты қаржыландыруға кететін миллиардтарды дәстүрлі БАҚ-қа жұмсағаннан гөрі блогосфераның «дамуына» көбірек алаңдайды. Осының бәрін министрлік басқаратын сияқты», - дейді депутат.
Оның пікірінше, президент тапсырмасының үшінші айы басталды, бірақ әзірге БАҚ туралы жаңа заң жобасының тұжырымдамасы да, оның кем дегенде негізгі бағыттары да жарияланбады. Жұмыс тобын құру туралы да ештеңе естілмейді. Ал ол заңда блогосфераға және «ақпараттық гигиена мәдениетін» қалыптастыруға баса назар аударылуы керек-ақ.
«Бүгінде танымал блогерлердің жарияланымдары аудиторияны жақсы жинайды және ол бүкіл газет немесе телеарна ұжымының ықпалынан асып түседі. Олардың көпшілігі – кәсіби журналистер немесе әлеуметтік желілерде сауатты, сыни трендтер жасайтын, белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар. Бірақ заң блогерлердің мәртебесі мен жауапкершілігін, азаматтарды алдау, бизнестегі немесе қоғамдық жұмыстағы бәсекелестерге заңсыз қысым көрсету, заңсыз алаяқтық пен пирамидаларға фоловерлерді тарту мақсатында өзінің танымалдылығын теріс пайдалануға жол бермеуді айқындауы тиіс деп ойлаймын. Мұндай тенденциялар төзбеушілікті арттырып, қоғамның жікке бөліну қаупін тудырады. Бұған біз әсіресе қаңтар оқиғасынан кейін жол бере алмаймыз. Сонымен қатар, қоғамдық пікірталастар бойынша сенім мен сөз бостандығын манипуляциялау маңызды», - дейді Ерлік Өмірғали.
Оның ойынша, бұл – өте күрделі мәселе. Бірақ соны ашық талқылаудың орнына, биліктің үнсіздік танытуы күмән тудырады екен.
«Әйтпесе, бірқатар дамыған елдерде мұндай тетіктер жұмыс істеп жатыр. Мысалы, «Әлеуметтік желілерде азаматтардың құқықтарын қорғауды жақсарту туралы Акт» (Германия, 2017) бар. Қазақстанда да әлеуметтік желілердің өркениетті ережелері әзірленуі тиіс деп санаймын. Сөз бостандығының кепілдіктерімен қатар, азаматтардың жосықсыз жарнамадан және қоғамдық тұлғалардың ашық алдауынан келтірілген залалды өтеп алуына мүмкіндігі болуы керек. Әркім өзі мен жақындарын қорғауға қабілетті болуы тиіс. Бизнес те бопсалау мен жосықсыз бәсекелестіктен қорғалуы керек. Ал қоғамға ұлттық белгілері, радикалды ағымдар мен діни экстремизм бойынша қорлаудан қорғау тетіктері қажет. Егер жауапты шенеуніктер бұл жағдайға көз жұма қарауды жалғастырса, онда біз халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, өзіміз осындай заңды әзірлеуге кірісеміз. Медиа-қоғамдастық та, ҮЕҰ да бізді тек қолдайтынына күмәнім жоқ», - деп түйіндеді сөзін Мәжіліс депутаты.