Парламент жаңа министрлердің қалай жұмыс істейтінін бақылайды
Президент жолдауынан кейін Қазақстанда кадрлық ауыс-түйіс басталды. Оған жаңадан екі министрліктің құрылуы себеп болды. Осылайша Үкімет құрамы ішінара жаңарып, кей министрлер қызметінен босатылды. Ал бұған дейін облыс басқарған үш әкім министр лауазымына тағайындалды. Мәжіліс депутаттары соңғы кадрлық ауыс-түйіс туралы пікірін айтып, Үкіметтің неге отставкаға кетпегенін түсіндірді.
Halyq Uni тілшісі: Соңғы кадрлық ауыс-түйіс қызу талқыланып жатыр. Әкімдер министр болды, кей министрлер әкім болды. Сіздің ойыңызша, елімізде кадр тапшылығы бар ма?
Еділ Жаңбыршин, депутат:
- Қазақстанда кадр тапшылығы мәселесі барлық уақытта болған. Қазіргі ауыс-түйісті қарап отырсақ, тәжірибесі бар, өңірде жұмыс істеген азаматтар министр болып жатыр. Мен бір сұхбатымда «Үкіметте бірде-бір әкім жоқ» деп айтқанмын. Бүгінде бір емес, 3 әкім Үкіметтің мүшесі болды. Олар әкім болып, ұжыммен жұмыс істей алған, жалпы аппараттың жұмысын, саланы біледі. Осыны ескерсек, ауыс-түйістен нәтиже болады деп ойлаймын.
Олжас Құспеков, депутат:
- Елімізде кадр тапшылығы бар. Оны біз байқап отырмыз. Біреу әкім болды, біреу министр болды, орындары ауысты. Алайда біз міндетті түрде президенттің кадрлық саясатына сенеміз.
Ерлан Саиров, депутат:
- Саяси менеджментте ротациялық жүйе деген бар, яғни адамдар белгілі бір мерзімде жұмыс істеп, өздерінің қызметін ауыстыруы керек. Бұл адамның креслоға жармаспауы және просекциялық жүйе болмауы үшін мемлекет осындай қадамға барады.
Анас Баққожаев, депутат:
- Бізде кадр тапшылығы мәселесі жоқ. Мен деген, тау қопаратын, нақты істі атқаратын азаматтар өте көп деп ойлаймын. Оларды іздеп тауып, жаңа құрылған министрліктерге шақыруымыз керек.
Болат Нажметдинұлы, депутат:
- Мәжілістің келісуімен біраз кадрлық ауыс-түйіс болды. Біраз әкім министр болды, министрлер әкім болып жатыр. Біріншіден, кейбір министрлердің (облыс әкімі болып тағайындалуы – автор) өңірдегі жағдайды жақсы түсінуі үшін сондай шешім қабылданған болуы керек, ал (бұрынғы) облыс әкімдерінің өңірдегі тәжірибесін министрлікте және Үкіметтің құрамында пайдалансын деген оймен осындай ауыс-түйіс болған шығар. Екіншіден, ротация деген бар. Оны да ескеру керек. Сондықтан бұл (ауыс-түйіс) – жыл сайын болып жатқан жағдай.
Елнұр Бейсенбаев, депутат:
- Біз, AMANAT фракциясы бір жылдан аса уақыт «Үкіметте жергілікті жерде қызмет атқарған әкімдер жоқ. Сондықтан Үкіметтің кейбір қабылдаған шешімдері әлсіз және дұрыс пысықталмаған» деп айтып келдік. Партияның осындай ұсынысын қазіргі Үкімет түсінді. Енді Үкіметке 3 әкім келді. Бұл – өте маңызды. Кейде орталықта қабылданатын құқықтық-нормативтік актілер жергілікті жерде шешім қабылдауға кереғарлығын тигізіп отыр.
Айдос Сарым, депутат:
- «Ойбай, бізде жаңалық болған жоқ» деп жалпылама айтқаннан нәтиже шықпайды. Тіпті, қазір ең керемет деген адамды су шаруашылығына немесе жол саласына апарыңызшы. Жарты жылда халық ең керемет деген алтын адамды, періштені «Ойбай, қолынан түк келмейді» деп жамандап шығады. Қазір кадр бар. Бұған дейін де айттым ғой. Қазір ең керемет маманды күйіп тұрған участікке қойыңызшы. Ол 1-2 жылда нәтиже көрсете алмайды. Өйткені совет заманынан бері қордаланған мәселелерді шешу үшін әрқайсысының өзінің мерзімі бар. Мысалы, жол мәселесін шешу үшін осынша уақыт, жылу электр станцияларын жаңартуға осынша уақыт, инфрақұрылымды жаңартуға осынша уақыт керек деген сияқты проблеманы шешудің мерзімдері болады.
Құдайға шүкір, қазір біз мега жобалармен айналысып жатқан жоқпыз. Қазіргі Үкімет осыны халыққа ежіктеп түсіндіруі керек. Мысалы, су қоймасының мәселесін шешу үшін осынша млрд доллар керек, оған халықтың қадағалауы мен бақылауы қажет деп. Сонда осы мәселе шешіледі деген сияқты нақты жұмыс керек деп ойлаймын.
Halyq Uni тілшісі: Кей депутаттар Үкіметке күзге дейін уақыт беріп еді. Олар Үкімет мүшелері дұрыс жұмыс істей алмаса, отставкаға кетуі керек деген пікірде болған. Қазіргі Үкіметтің жұмысы көңіліңізден шыға ма? Неге депутаттар үнсіз?
Ерлан Саиров, депутат:
- Біз үнсіз жатқан жоқпыз. Жаңа ғана мен ауыл шаруашылығы мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдадым. Сондықтан Үкімет жұмысында кемшіліктерді болдырмау үшін олармен бірге жұмыс істейміз. Алайда өмір болғасын міндетті түрде кемшіліктер болады.
Болат Нажметдинұлы, депутат:
- Бізге Үкімет міндеттерімізді орындаймыз деп уәде берген. Оны қорытындылайтын уақыт келген жоқ. Күзгі сессия енді басталды. Талаптарымыздың бәрін сұрап, түгендеп жатырмыз. Иә, көптеген кемшілікпен қатар, жетістіктер де бар. Оны жасыруға болмайды. Байқасаңыздар, біраз министр қызметінен кетіп, портфельсіз қалды. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады деп ойлаймын. Біз (Үкіметке) өз талабымызды қоюдан қашпаймыз. (Қызметтен кеткен министрлердің) жұмысына баға берілді. Егер бәрі жақсы, дұрыс болса, олар (орнында) қалады ғой. Солай емес пе? Менің ойымша, олар тиісті деңгейге шыға алмады. Осыдан кейін мемлекет басшысы және Үкімет тарапынан жұмыстарына баға берілді, кандидаттар ұсынылмады. Қазір олар жұмыссыз.
Олжас Құспеков, депутат:
- Қазіргі Үкімет жаңадан жасақталды. Біз, Мәжіліс депутаттары жазда халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап келдік. Мәселе көп. Мұны Үкімет те, қызметіне жаңа тағайындалған министрлер де біледі. Жақын арада Үкіметтің қалай жұмыс істейтінін көреміз. Жұмыс қарқыны тиісті деңгейде болады деген сенімдемін.
Еділ Жаңбыршин, депутат:
- Қазір Үкіметте көптеген ауыс-түйіс болды. Бақылап қарауымыз керек. Олардың алдарына қойылған жаңа міндеттер мен тапсырмалар бар. Соның нәтижесіне қарап, шешімдер қабылданатын шығар деп ойлаймын.
Анас Баққожаев, депутат:
- Қазір әлемдегі геосаяси, экономикалық жағдай тұрақсыз болғандықтан елімізге тұрақтылық керек. Ішкі құрылымда тұрақтылық болуға тиіс. Менің ойымша, президенттің жаңа министрлерді тағайындауы және орнын ауыстыруы дұрыс шешім болды. Үкіметті отставкаға кетіретін де мемлекет басшысы. Әрине, депутаттар (Үкіметті) сынайды, қамшылайды. Жаңа Үкімет нәтижелі жұмыс істейді деген ниеттеміз.
Елнұр Бейсенбаев, депутат:
- Проблемалар бар. Бірақ Үкіметтің бүгінгі жұмысы пысықталып жатыр. Кешегі ауыс-түйістердің барлығы проблемалық зоналардағы сұрақтарға нақты жауап деп есептеймін. Айдос Сарым, біз Үкіметті төмпештеу үшін отырған жоқпыз. Үкіметті AMANAT партиясы ұсынды. Қазір оның құрамы біраз жаңарды. Жаңа тұлғалар, тәжірибелі мамандар келіп жатыр. Осыған дейін сын айтылған азаматтар Үкіметтен аластатылды. Енді әлеуметтік-экономикалық дамуға жауап беретін Президент әкімшілігі емес, Үкімет деп шешім қабылданды. Бұл Жолдауда айтылды. Бүгінгі ең үлкен өзгеріс – осы. Менің ойымша, бір айдың ішінде тиісті құжаттар қабылдануы керек.