Halyq Uni логотип
×

«Банктерге салық салу мәселесін қарастырамыз»: Мәулен Әшімбаев жолдаудың негізгі басымдықтары туралы

Сенат спикері банктер қаржысын кәсіпкерлерді несиелеуден гөрі мемлекеттік құнды қағаздарды алуға көбірек жұмыс жатқанын айтты

 Халық үні 07.09.2023 | 13:48

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Qazaqstan» телеарнасына берген сұқбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауындағы негізгі басымдықтарды атап өтті.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан саяси реформаларға негізгі басымдық берілді және бұл бағыттарда маңызды жұмыстар атқарылды. Дегенмен, елдің теңгерімді дамуы үшін саясатпен қоса, экономиканы да қатар алып жүру маңызды, - деді Сенат спикері.

Мемлекет басшысы жолдауында қандай жұмыстар атқарылуы керек екенін айтты. Солардың негізгілерінің бірі – экономиканы әртараптандыру.

«Экономиканы әртараптандыру – басты басымдықтардың бірі. Тәуелсіздіктің 32 жылында бұл бағытта біраз шаралар жүзеге асырылды. Бірақ, экономикамыз әртүрлі бағыттарда толыққанды дамып, шикізаттан басқа бағыттарымыз жоғары деңгейде өркендеп жатыр деп айтуға негіз жоқ. Сол себепті біздің экономикамыздың, бюджетіміздің шикізатқа тәуелділігін азайту үшін мұнай, газ, металл өндіру ғана емес, өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз керек. Осындай дайын өнімдерді өндіру, ішкі нарыққа жеткізу және экспорттау бүкіл экономика және халық үшін пайдалы болмақ», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев жолдауда айтылған ауыл шаруашылығын, көлік-логистикалық әлеуетімізді дамыту бастамалары туралы сөз қозғады. Соның ішінде банктердің жұмысын әріқарай оңтайландыру маңызды міндет екенін айтты. Спикердің сөзінше, қазіргі таңда банктер берген кредиттердің 34 пайызы тұтынушылық бағытта болса, шағын және орта бизнесті несиелеу 25-26 пайыз көлемінде қалып отыр. 

Қазір банктер қаржысын кәсіпкерлерді несиелеуден гөрі мемлекеттік құнды қағаздарды алуға көбірек жұмыс жатыр. Осының нәтижесінде банктер былтыр 1,5 трлн теңге таза пайда тапқан. Неге бұлай болып жатыр? Біріншіден, банктерге кәсіпкерлерге несие бергеннен гөрі, мемлекеттің құнды қағаздарын ала салу жеңілдеу. Оның пайызы да жоғары. Бұл жерде тәуекелдер жоқ. Уақыты келген кезде мемлекет өзі қайтадан сатып алады. Осылайша банктер өз пайдасын көбейтіп жатыр. Президентіміз кезінде қалыптасқан осындай саясатты өзгерту қажет екенін айтып отыр. Сондықтан біз осы операциялардан түсіп жатқан пайдаларға салық салу мәселесін қарастырамыз. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізетін боламыз, - деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев жаңа экономикалық бағдардың заңнамалық негізін қалыптастырудағы Парламенттің өлін айтты. Жолдауда Парламентке үлкен міндеттер жүктелген. Сенат спикерінің айтуынша, Парламент осы міндеттерді атқаруға дайын.

«Қазір бәріміз Әділетті Қазақстанды құруға жұмыс істеп жатырмыз. Әділетті Қазақстан дегеніміз заңның үстемдігі екенін ұмытпауымыз керек. Заңдарымыздың тиімді болуы шарт. Сондықтан, жаңа экономикалық үлгіні іске асыру үшін тиісті заңдарды қабылдаймыз. Алдағы уақытта Бюджет, Салық кодекстерін, мемлекеттік сатып алу, банк жүйесін әртараптандыру, өңдеу өндірісін дамытуға және басқа да мақсаттарды қамтамасыз етуге бағытталған заңдарды қабылдаймыз. Парламенттің алдында тұрған негізгі мақсат – жаңа экономикалық бағдардың заңнамалық негізін қалыптастыру. Бұл жұмысқа Парламент дайын», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Президенттің тапсырмаларын лайықты іске асыру үшін депутаттар өзінің заңға бастамашы болу құқығын толыққанды пайдаланатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама