Максет Рысбаев ата-аналарға кеңесін берді
Белгілі уролог Максет Рысбаев баланы ерте сүндетке отырғызу мен кеш сүндеттеудің айырмашылығы, артықшылықтары жайында Abay Live каналына берген сұхбатында айтып берді.
«Былтыр елу баланы туа сала сүндетке отырғыздым. Туған соң 7 – 14 күн өткенде сүндеттедік. Себебі жаңа туған баланың терісі өте жұмсақ болады. Жара болмайды, стресс алмайды. Тіпті, қан да шықпайды. Дегенмен баланы бес жаста сүндеттеудің де артықшылықтары бар. Үшке толғанға дейін бала өзін қыз немесе ұл деп бөлмейді. Үш немесе бес жаста сүндеттесеңіз, одан кейін әуретін ешкімге көрсетпейді. Ұялады. Өзінің ұл бала екенін ажыратып, кім екенін түсінеді. Жігіт болады. Ер адам болуына ықпалын тигізеді», - деп түсіндірді маман.
Маманның айтуынша, есі кірген ұл баланы моральдық тұрғыда дайындамаса, ол сүндеттегеннен кейін психологиялық соққы алуы мүмкін. Сондықтан маман ата-аналарды ұлын сүндеттеген кезде оның психологиялық жағдайын ескеруге шақырды.
Сүндеттеу – ислам дінінде әрі қазақ дәстүрінде ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Алайда, дінде ұл баланы қай жаста сүндетке отырғызу керектігі нақты айтылмаған.
Ханафи мәзһабының ғалымдары сүндеттеудің белгілі уақыты жоқ екенін, баланың сүндеттеуді көтере алатын уақыттан бастап балиғат жасына дейін орындала беретінін айтқан.