Мемлекеттік аппарат жұмысының тәртібін өзгертпейінше нәтиже болмайды – Аймағамбетов

Динара Амантай

Экс-министр Жолдаудағы басты мәселелерге назар аударды

Фото: aikyn.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бірнеше мәселеге тоқталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекеттік аппарат жұмысының тәртібі мен ережелерін өзгертпейінше, басқа шаралар мен бастамалардың бәрі де нәтиже бермейтіні анық.

Өзіңіз ойланып көріңізіші, министрдің бір бұйрығын қабылдау үшін бір жылға жуық уақыт кетеді. Неге дейсіз ғой? Өйткені әртүрлі деңгейдегі 20-30 мекеменің келісімін алу керек. Ал олардың ешқайсысы өзіне жауапкершілік алмайды да. Осыдан кейін қандай тиімділік туралы айтамыз? Жедел шешім қабылдау жайына қалады. Сондықтан да қабылданған Жарлықта және осы Жолдауда да бұл бағытта тиісті тапсырмалар берілді, – деп жазды депутат.

Бұған қоса ол Жолдауда айтылған министрлер мен басқа да басшылардың жеке жауапкершілігін белгілеу мәселесіне тоқталды.

Шын мәнінде, бұл Үкімет деңгейінен министрлер, әкімдер деңгейіне және басқа деңгейлерге құзыретті беру реформасының жалғасы. Мәселен, салалық мәселелер Үкімет қаулысы деңгейіне көтерілмей, министрлердің өз бұйрықтарымен шешілуі керек. Осы өзгерісті енгізудің арқасында кейбір құзыреттерді үйлестіру және шешім қабылдау жылдам жүретін болады. Сонымен қатар әр жеке тұлғаның нақты жауапкершілігі бекітіледі, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Экс-министр қазіргі мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімді емес екендігіне де назар аударды.

Тұрғын үйлер, жол құрылысының сапасыздығы, пайдаланылмай жатқан қаражат, үздіксіз сот процестері, ұзақ рәсімдер, осының барлығы мектептердің, ауруханалардың және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың уақытылы жөндеуге үлгермеуіне әкеліп соғады. Бұл тендермен байланысты проблемалардың толық тізімі емес. Жаңа заң жобасы аясында Жолдау тапсырмаларын жүзеге асыруда біз бұл кемшіліктер жойылады деп ойлаймын. Айтқандай, аталған олқылықтарды жою үшін сонау маусым айында біз аранайы заң жобасын дайындап, Үкіметке пысықтауға жолдап едік, алайда олардың тарапынан қолдау болмады. Енді Президенттің тапсырмасынан кейін бұл жұмыс нәтижелі болады деп сенемін, – деді Асхат аймағамбетов.

Сондай-ақ, оның ойынша жасанды интеллектіні дамыту, соның ішінде деректер орталықтарын құру, оқыту және басқа да шаралар өзекті болып отыр. Қазақстан – IT-елге айналуы тиіс.

Депутат Жолдауда қозғалған әлеуметтік мәселелерге тоөталды.

Балалардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, Yandex Taxi, Wolt және басқа да цифрлық платформаларды пайдалану арқылы жұмысқа орналасқан жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, 55 жастан асқан және қауіпті өндірісте жұмыс істейтін адамдарға арнаулы әлеуметтік жеңілдіктер енгізу мәселелері де аса маңызды. Мемлекет басшысының өзге де әлеуметтік бастамалары бойынша біздің Комитеттің депутаттары тиісті жұмыстарды жүргізетін болады, – деп жазды Комитет басшысы.

Асхат Аймағамбетов барлық өңірлердегі азаматтармен кездесулерде бірдей дерлік мәселелер көтерілетінін жеткізді.

Бұл – шарықтаған инфляция, сапасыз ауыз су, газ жетіспеушілігі, жайсыз жолдар. Жолдауда осы жүйелі мәселелердің шешімі де көрініс тапты. Тоқ етері. Міндеттер қойылды. Қазір олардың сапалы және уақытылы орындалуын қамтамасыз ету маңызды, – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.