Halyq Uni логотип
×

Елімізде геологиялық барлау саласы тоқырап тұр – депутат

Бұның бір себебі де айтылды

 Айнұр Шошаева 11.05.2022 | 16:36
Елімізде геологиялық барлау саласы тоқырап тұр – депутат
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда геологиялық барлауға тиісті қаржы бөлінбей келеді. Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған мәжілісмендер осылай деп депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Депутаттар өз сауалында геологиялық барлау жұмыстарына үкімет тарапынан жаңаша көзқарас қалыптастырылмағанына және болашақта отандық металлургияны сырттан әкелінетін шикізатқа тәуелді етіп қою қатері барына алаңдады. 

Геологиялық барлау жұмыстарына қаржы бөлуде ілгерілеу байқалмайды. Ұлттық жобаның нақты әсері сезілмейді. Сіз жақында үкімет отырысында «өндірістің қазіргі деңгейі сақталған жағдайда, тиісінше кен көлемінің орны толтырылып тұрмаса, қазылып жатқан көптеген кен орнының қоры таяу болашақта таусылады» деп ашық айттыңыз. Геологиялық ақпаратты құпиясыздандыру талабына сәйкес, қай кен орындары қоры қай жылдарға қарай түгесілетінін де түйіп қалмадыңыз. Бұлайша дабыл қағуыңызды біз толық қолдаймыз, - деді мәжілісмендер экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке жолдаған сауалында. 

Бұған қоса депутаттар салаға тиісті қаржы бөлінбей жатқанын атап өтті. 

«Қазақстанда геологиялық барлау саласы тоқырап тұр деуге де келетін сияқты. Мысалы, біз сөз етіп отырған кенді Алтайда – Шығыс Қазақстан облысында соңғы ширек ғасыр ішінде ескі кен орындарына балама болатындай, соларды алмастыратындай бірде-бір ірі кен орны ашылмаған. Бұл басқа облыстарға да қатысты жағдай. Мәселенің мәнісі өте қарапайым. Салаға тиісті қаржы бөлінбейді. Қазақстандағы әр шаршы километрге шаққанда геологиялық барлауға бөлінетін мемлекеттік инвестиция көлемі ешқандай сын көтермейді – небәрі 11 доллар. Мысалы, Австралияда бұл көрсеткіш 167 доллар, Канадада 203 доллар екен. Екеуі де жер көлемі шағын елдер емес. Айырмасы жер мен көктей», – деп қосты мәжілісмендер. 

Сауал соңында депутаттар геологиялық барлау саласын дамыту бойынша ұлттық жоба аясында салаға қажетті қаражатты негіздеп, министрліктің аталған міндетті шешу жөніндегі жоспары туралы толық мәлімет беруін сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама