Астанаға көшіп келушілердің санына шектеу қойылады: Еңбек министрі жағдайды түсіндірді
Әкімдік ұсыныс әзірлеп жатыр
Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елордаға көшіп келушілердің санына шектеу қойылады деген ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысынан шыққан министрге журналистер «Астанаға көшіп келушілердің санына шектеу қойылмақшы. Халықтың ашуына тиетін ұсынысты қалай талқылауға шығарып отырсыздар?» деп сұрақ қойды.
Тамара Дүйсенова қаланың инфрақұрылымы көп адамға есептелмегенін жеткізді.
Қазір Астана қаласында бір миллионнан аса адам тұрып жатыр. Бұрынғы Ақмола қаласы 300 мың адамға ғана есептелген. Жастар оқуға келіп жатыр. Жұмыс орындары ашылуда. Қазіргі инфрақұрылым халыққа мүмкіндік бермей жатыр. Егер Астананың көлемі кеңейіп, мүмкіндіктер жасалса, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым салынса, онда ашуға болады. Қазір осындай шешім қабылдауға тура келеді. Заң жобасын елорда әкімдігі дайындап жатыр, - деді вице-премьер.
БАҚ өкілі «Шектеу адамның конституциялық құқығын бұзу емес пе? Аймақтардан Астанадан келіп тұрғысы келетіндер өте көп. Оларға не болады?» деп сұрағын нақтылады.
Вице-премьер енді бас қалаға келгісі келетіндердің тұратын орны болуы керегін атап өтті.
«Оқуға және жұмыс істеуге келгендер бар. Мысалы, жұмыс берушілер оларды жұмысқа шақырып, үймен немесе жатақханамен қамтамасыз етсе, (Астанаға келуге – авт.) шектеу болмайды. Сіз Астанада емделгіңіз, серуендегіңіз келсе, оған ешқандай шектеу жоқ. Қайталап айтамын, егер жұмысы болып, оған қажет жағдай жасалса, оған ешқандай кедергі болмайды», - деді министр.
Бұған дейін БАҚ-та енді Астанаға көшіп келушілердің санына шектеу қойылады деген ақпарат тарады. Себебі, бас қалаға халық сыймай жатыр. Бұл үшін шенеуніктер заңға арнайы түзетулер енгізеді. Осыған байланысты қыркүйектен бастап қалаға кіріп-шығуға рұқсат етілгендердің тізімі жасалмақшы.