Азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмайық – президент

Динара Амантай

Оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босату керек

Фото: t.me/aqorda_resmi

Әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмау қажет. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15-ші БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Осы жағдайға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі де жаһандық күн тәртібінде айрықша маңызға ие бола бастады. Бүгінде әлемдегі азық-түлік өндіруші төрт ірі елдің үшеуі – БРИКС мүшеcі. Ал БРИКС елдерінің ауыл шаруашылығы саласындағы ЖІӨ-нің жиынтық мөлшері әлемдік көрсеткіштің жартысынан асады. Елдеріміз арасындағы азық-түлік теңгерімсіздігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Біз әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмай, оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босатуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Оңтүстік Африка Республикасының президенті Сирила Рамафосаның шақыруымен Қасым-Жомарт Тоқаев 24 тамызда 15-ші БРИКС саммиті аясында Йоханнесбургте өтетін мемлекеттер басшыларының «БРИКС плюс» диалогы отырысына бейнебайланыс арқылы қатысатынын хабарлаған болатынбыз.