Halyq Uni логотип
×

Аманжол Әлтаев Қырғыз президенті ат мінгізген қазақ ақынын неге «талантсыз» деп атағанын түсіндірді

Депутаттың айтуынша, қазақ ақыны қырғыздардың ақжағалыларынан ат сұраған

 Ая Өміртай 23.08.2023 | 13:00
Аманжол Әлтаев Қырғыз президенті ат мінгізген қазақ ақынын неге «талантсыз» деп атағанын түсіндірді
Аманжол Әлтай, депутат

Белгілі айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жуырда Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевты сынға алған еді. Осы орайда Halyq Uni тілшісі депутаттың өзіне хабарласып, тосын мәлімдеме жасауына не түрткі болғанын сұрап білді. 

Пост жазуыма себеп болған нәрсе, мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасарымын. Айтыс өнерінің бағыт-бағдарының дұрыс жүруіне сол басқарманың басшыларының бірі ретінде жауаптымын деп ойлаймын. Сондықтан қандай да бір түсініспестік тумауы керек. Біржан деген жас жігіттің өнеріне, алдына кесе көлденең тұрғым келіп тұрған жоқ. Мәселе, жер бетіндегі халықтардың ішінде қазақ деген ұлтты даралайтын, біздің саф өнеріміз, бекзат өнеріміз, атамұра өнеріміз – айтыс. Сондықтан айтыстың бекзат болмысына қылау түсірмеуге бүкіл ақындар жауапты деп ойлаймын. Ашып айтуымыз керек, Біржан деген баланың қырғыз халқының алдында, президентінің алдында арнау айтқанына қарсы емеспін. Оның сол арнауды қалай айтқанында. Біріншіден, мен ол баланың бойынан ешқандай ақындық өнерді байқап тұрған жоқпын. Шатпақ өлең, не ұйқасында, не ойында жүйе жоқ. Арнаудың негізгі мақсаты – қырғыздың президентінен ат сұрау үшін барған секілді көрінді. Сондықтан ол жігіт арқылы қазақ айтысы туралы бауырлас қырғыз халқының пікірі қалыптасады. Осы жағын ойлау керек еді, әрине, өлеңі келісті болса, екі елдің достығын тамылжытып тұрып, қазақтың ата дәстүрімен жырлап жатса, оған бәріміз қуанатын едік. Талантсыз адамның қолына домбыра алып, келелі жиындарда сөйлеуі дұрыс емес деп есептеймін. Айтыстың абыройын қорғау үшін айтыс ақындары атынан пікірімді білдіруді жөн деп таптым, - деп түсіндірді Аманжол Әлтаев.

30 жылдан астам уақыт айтыс өнері саласында жүрген ақын Аманжол Әлтаев Біржан Қалдыбаевтың арнауының көркемдік деңгейі төмен екендігін, одан бөлек республикалық айтыстарға бұрын-соңды қатыспағандығын айтып сынады. Ол өзінің мәлімдемесінде қандай да бір көреалмастық жатпағанын жеткізді.

«Шын мәнінде талантты бала болып тұрса, оған тек қуанар едік. Арнауын толық тыңдап шығып, ұялып отырмын. «Жиендеріңді жаяу қайтармаңдар» деген соң, қырғыз тарапы ұялғаннан ат мінгізген деп ойлаймын. Биыл айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің құрылтайын өткіздік. Сонда қырғыз одағының басшылар келіп қатысып, екі ел айтыс бойынша меморандумға қол қойдық. Екі тарап та одақ ұсынған ақындарды шақырып отыруға келістік. Мұндағы мақсат, кім көрінген барып, елдің абыройына нұқсан келтірмесе екен дедік. Қалай көреалмаушылық болуы мүмкін?! Соның орнында жарқылдап шыққан талантты бала болса, тілеуін тілер едім. Оның арнауды дұрыс айта алмай, айтысымызға нұқсан келтіріп тұрғаны қынжылтты. Бастысы – айтыстың, ақындардың абыройы», - деді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында. 

Ақынның сөзінше, мемлекет басшылары тарапынан айтыскер ақындарға ат мінгізген жағдай бұдан бұрын да болған. 

«Қырғыздардың шақыруымен бір топ ақын барған кезде қарағандылық Атбай Жұмағұлов деген ақынға ат мінгізген еді. Оған қуандық, қарсы болған жоқпыз. Сүйінбай мен Қатағанның айтысын жақсы білесіздер. Қазақ пен қырғыз арасындағы ел аралық айтыста қазақ ақыны ешқашан «ат мінгізіңіз» деп сұранып, тіленіп абыройын түсірмеген. Мұндай дүние айтыстың тарихында болмаған. Арнауында тіленіп ат сұмаса, жалбарынбаса, онда басқаша болар еді. Өз ұстанымымызды, пікірімізді айтуымыз қажет деп санаймын. Сөз айтуға лайықты, талантты жігіттердің барғанын жөн деп білемін. Біз таниық, танымайық – мәселе онда емес. Ақын талантты болуы керек», - деп түйіндеді сөзін депутат. 

Естеріңізге сала кетейік, Аманжол Әлтаев Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевты сынға алған еді. 

Айта кетелік, 13 тамызда қазақ ақыны Біржан Қалдыбаев Чолпон-Атада өткен көкпардан әлем чемпионатының ашылу салтанатында өнер көрсетіп, Садыр Жапаровқа арнап сөз сөйлеп, екі халықтың достығын жырлаған болатын.

Қырғыз президенті Садыр Жапаров сол жиында қазақ ақынына құрметі ретінде сыйлық табыстайтынын айтып, 20 тамызда Қырғызстан президентінің көмекшісі Қаныбек Түмонбаев Садыр Жапаровтың сыйлаған тұлпарын Біржан Қалдыбаевқа тарту етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама