Ол отандастарымыз апатқа ұшырамауы, жарақаттанбауы және қаза таппауы үшін тиісті шара қабылдауға мүлде тырыспады
Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Сайыров пен Құдайберген Бексұлтанов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасындағы апатқа қатысты бірлескен мәлімдеме жасады. Олар компания басшылығын қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.
Депутаттардың айтуынша, осындай қайғылы оқиғаның болуына көмір шахталарындағы жабдықтардың жай-күйі, сондай-ақ өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың бей-берекет қысқартылуы себеп.
«Бұған дейін AMANAT партиясының депутаттары қаражат үнемдеп, отандастарымыздың өліміне әкеп соқтырарлық шешім қабылдайтын компанияның топ-менеджментін – шетелдік азаматтарын қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен еді.
Бірнеше ескертуге қарамастан, трансұлттық компанияның басшысы, Миттал мырза отандастарымыз апатқа ұшырамауы, жарақаттанбауы және қаза таппауы үшін тиісті шара қабылдауға мүлде тырыспады. Біз бұл сөзімізді Үкіметке қарата айтып отырмыз: есеп айырысатын кез келді! Миттал мырзамен жолымыз бір емес! Онымен қоштасатын уақыт келді! – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ мәжілісмендер «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығын жауапқа тартуды Бас прокурордан талап етті.