Онда тек құрылыс саласының өзінде 200 мың жұмысшы тапшы
Ресейде рубльдің әлсіреуіне байланысты еңбек мигранттарының саны азайды. Ал мамандар шетелдік жұмысшылардың 50 пайызға қысқаратынын айтады. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Жалақының қысқарып, азық-түлік, коммуналдық төлемдер мен үй жалдау құнының қымбаттап кеткені еңбек мигранттарының елден кетуіне сеп болған.
Әуе билеттерінің құны да 400 пайызға дейін өсіп отыр. Оның үстіне қазір Ресейден шетелге ақша аудару қиындай түскен. SWIFT халықаралық жүйесінен ажыратылғалы бері елден тек жоғары комиссиямен ақша аударуға болады.
Ресми статистикаға сүйенсек, шетелдік жұмысшылар жергілікті тұрғындарға қарағанда 30 пайыз аз жалақы алады.
Мен Қырғызстаннан жұмыс істеуге келдім. Мәскеуде ақшаның құны жоқ, өмір сүру қиын. Дүкенге барып, 1000 рубльге ештеңе ала алмайсың. Бәрі қымбат, - дейді Ержан Нұрбеков атты мигрант.
Бұған дейін Ресейде 12 миллионға жуық еңбек мигранты жұмыс істейтін. Қазір оның саны 10 миллионға да жетпейді. Бірнеше салада кадр тапшылығы байқалады. Мәселен, тек құрылыс саласының өзінде 200 мың жұмысшы тапшы. Кейбір сарапшылар Африка елдерінен жұмыс күшін тарту керек деп есептейді.