Арамызда кісі өлтірген адвокаттар да болды және беделімізге нұқсан келтірді – Айдын Бикебаев

Дәурен Ерболат

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Қазақстанда қорғаушыларға аз ақша төленетінін айтты

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев YouTube желісіндегі «Голос народа» жобасына сұқбат беріп, Қазақстанда адвокаттарға аз ақша төленетінін айтты. Мәселен, бағдарлама бойынша жұмыс істейтін 10,5 мың адвокатқа орташа есеппен айына 80 мың теңгеден келеді.

Екіншіден, ақшаны алу үшін адвокат іс жүргізудегі оппоненті – тергеушіден қол қойылған қаулыны алуы керек.

Олай болса, прокурор адвокаттың келісімімен жалақы алсын әрі ол шын жұмыс істесін. Бұл – нонсенс. Менің ойымша, мұндайда адвокат тәуелді болады. Ол үндемейді (тергеушіге – авт.), кедергі келтірмейді. Сондай-ақ адвокат қылмыстық сот ісін жүргізуде декорацияның рөлін атқарады, - дейді Айдын Бикебаев.

РАА төрағасы адвокаттардың біліктілігі жайында да сөз қозғады. Сарапшының айтуынша, адвокаттар көп дүниеден хабардар болуы керек.

«Жұмысы үшін 50 мың немесе 100 мың теңге сұрайтын адвокатты таңдауға болады. Алайда 20-30 млн теңге сұрайтын адвокаттар да бар. Олар соған сай. Бұл – интеллектуалдық еңбек. Стресс жайлы айтпағанның өзінде, ол көп дүниеден хабардар болуға тиіс.

Қылмыстық және экономикалық істер бойында адвокат бухгалтерлік есепті, қаржылық талдауды, салықтарды, корпоративтік басқаруды жақсы білуі керек.

Менің ойымша, жақсы адвокат қылмыстық сот ісін жүргізуден басқа құқық саласындағы байланысты, цивилистиканы, банк, кедендік құқықты білуге міндетті. Мұның бәрін білу қиын әрі бізде заң жиі өзгеріп отырады», - дейді РАА төрағасы.

Айдын Бикебаев адвокаттардың арасында қылмыскерлер де болғанын және бұл фактор қорғаушылардың беделіне нұқсан келтіргенін жасырмады.

«Арамызда алаяқтар, кісі өлтірушілер болған. Ондай фактілер болғанын жасырмаймын. Біз оған ұяламыз. Бұл біздің беделімізге нұқсан келтіреді. Ашығын айтсақ, оған біз кінәлі емеспіз.

Адвокатураға келетіндерді кім бақылайды? Әрине, Әділет министрлігі бақылайды. Олар емтихан алады. Алайда прокуратураға немесе сотқа жұмысқа тұру үшін адам миллиондаған тексерістен өтеді. Оның жемқорлыққа, пара алуға бейімі бар-жоғын, психологиясын, адамгершілігін тексереді. Ал бізге бұлай тексерістен өтуге мүмкіндік берілмейді», – дейді сарапшы.

РАА төрағасының айтуынша, мемлекет жыл сайын тегін қызмет көрсететін адвокаттарға 2,7 млрд теңге жұмсайды, бірақ тариф өзгермеген.

Былтыр аталған қызметке 2,2 млрд теңге бөлінген. Біздің мәліметімізше, Әділет министрлігі сол қаржының 500 млн теңгесін игермеді. Қазір 2,7 млрд теңге жоспарланған. Алайда осы бағдарламаға адвокаттардан бөлек, заң жағынан ақыл-кеңес беретін кеңесші де енгізілді. Олардың саны – 15 мың. Алайда тариф сол күйінде қалды, - дейді Айдын Бикебаев.

Айдын Бикебаев Қазақстанда прокуратура мен адвокатураға бөлінетін қаржы мөлшерінде тепе-теңдік жоғын ашып айтты.

2,7 млрд теңге деген прокуратура жүйесіндегі мемлекеттік бюджет шығысының шамамен 5%-ы. Прокуратура мен адвокатура арасында баланс болуға тиіс. Адвокатурада – 5%. Прокуратурада нақты жалақы, сыйақы қарастырылған, - дейді РАА төрағасы.

РАА төрағасы Қазақстанда адвокаттардың ар-намына тиіп, қысып көрсетілетінін жасырмады.

«Қорғаушылар құзырлы органдарға барғанда оны бастан-аяқ тексереді. Бір адвокаттың айтуынша (әйел), оны Астанадағы тергеу изоляторына кіргізу үшін кәдімгідей сипалап тексерген. Бұл – қысым көрсету, қорлау. Телефонды кіргізе алмайсыз. Аталған жағдайды да дәлелдей алмайсыз. Осылайша, адвокаттарды қорлау барлық жерде кездеседі.

Неге бұлай болып жатыр? Себебі, Қазақстанда адвокаттың жұмысына кедергі жасағаны үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік бар. 30 жылда бірде-бір факт тіркелмеген. Адвокаттардың құқығының бұзылуына байланысты көптеген деректің тіркелуіне қарамастан, біреуді (Қылмыстық кодекстің) осы аталған бап бойынша жауапқа тару болмаған. Адвокаттың жұмысына кедергі жасағаны үшін әкімшілік жауапқа тарту атымен жоқ. Мұндай жаза тек адвокаттардың сұрағына жауап бермегені үшін қарастырылған», - дейді Айдын Бикебаев.