«Көбі кезінде жәбір көрген»: психолог педофилдер туралы сыр шертті
Ол адамда ересек әйелдермен жыныстық қарым-қатынасқа түсуге қорқыныш болуы мүмкін
Алматы облысының Ақтас ауылындағы жындыханада педофилдер жатыр. Олар туралы «Сот сараптамасынан ауытқушылығы бар екені анықталса, бізге келеді. Болмаса, кәдуілгі түрмеге барады» деп түсіндірген психолог Ақмарал Шегентайқызы Caravan.kz-ке сұхбат берген.
Педофилдердің жасап жүрген әрекеті – дерт. Қандай да бір ауытқушылықтан болып тұрған әрекет. Мысалы, олардың мүшесі тұрмайды. Ал кішкентай баланың қорыққанына, шыңғырғанына қарап, оның мүшесі қозады. Содан ләззат алады. Тіпті, ол адамда ересек әйелдермен жыныстық қарым-қатынасқа түсуге қорқыныш болуы мүмкін. Маған кездескен педофилдердің көбі өздері де кезінде жәбір көрген болып шығады, - дейді оларды 14 жыл емдеген маман.
Оның айтуынша, педофилдерді болашақта не күтіп тұр, қалай болады деген сауалға ешкім нақты жауап бере алмайды. Өйткені ол ауру қай уақытта, қай жерде басталды, ол оның құмарлығы ма, ауытқушылығы ма, оны дәлелдеу керек. Сондай-ақ кез келген педофил «құрбаны» ұл ма, қыз ба, бәрібір, жыныс талғамайды.
Енді былай алсақ, «оның бәрі жазылмайды» делінген барлық әбиетте. Ол тек күш-жігер мен өмірден бір мән, құндылық тапса, сонымен ғана басып отырады деген ұғым, болжау бар. Бірақ нақты дәлел жоқ, - дейді Ақмарал Шегентайқызы.
Сондай-ақ ол педофилдер өте сыпайы, қалыпты тіршілік кешіп жүрген адамдардың арасынан да шығатынын ескертті.
«Бізге Н. есімді азамат екі рет келіп түсті. Отбасылы адам. Әйелі мен бала-шағасы бар. Өзінің балаларына тиіспейтін көрінеді. Таныстары оның өте ашық-жарқын, жақсы жігіт екенін айтып, педофилияға барғанына сене алмады. Дегенмен, мұндай адамдар өз отбасына, жақындарына қанша жерден жақсы болып көрінгенмен, білдірмей, өз әрекеттерін жасауы әбден мүмкін. Баламен ойнап отырғанда абайсызда жыныс мүшесіне қолы тиіп кетіп дегендей», - дейді психолог.