Кенесары ұрпағы, жетімдердің мінезі, үш жүздің қыздары: тектанушы Әлия Сағымбаевамен сұқбат
Әлия Сағымбаева Кенесары ұрпағының биліктен қорқатынын айтты
Адам тегін тану, ата-бабасының жүріп өткен жолын білу арқылы өмірінде болып жатқан қиындықтарды шеше алады. Мұндай пікірді Halyq Uni тілшісіне сұқбат берген тектанушы Әлия Сағымбаева айтты. Сондай-ақ маман тектанудың маңызы мен ата-бабасының басынан кешкендері кейінгі ұрпағына қалай әсер ететіні жайында айтып берді.
– Әлия Нұрпақызы, тектану саласын 20 жылдан бері зерттеп жүргеніңіз белгілі. Ата-бабасының жүріп өткен жолы адамның бүгінгі әрекеті, қазіргі тіршілігіне әсер етеді деген қаншалықты рас?
– Тектану – ғылыми бағыт. Физика, психология, генетика, генеалогия, антропология тоғысында пайда болған жаңа бағыт. Бұл 1990 жылдары Ресейде басталды.
Адамға ата-анасынан 43 хромосомадан беріледі. Олар да ата-анадан туды. Біздің көзіміз, шашымыз – бәрі хромосома арқылы беріледі. Сырт келбетімен қатар мінезінің де бір туысына ұқсағанын жиі айтады.
Кеңес одағы тарағаннан кейін Мәскеу мемлекеттік университетінің психология факультеті арқылы Батыстан көп психолог келіп, совет халқын зерттеген. Біздің мінез-құлқымыз, әдеттер мен эмоцияларды зерттеген кезде посткеңестік адамдардың 80 пайыз эмоциясы қорқыныш пен үрей екенін анықтаған. Ол 20 ғасырда болған әлеуметтік катаклизмнің салдары. Ол – азаматтық соғыс, Қазан төңкерісі, кәмпескелеу, ашаршылық, репрессия, Отан соғысы. 20-30 жылдың ішінде ата-бабамыздың басынан сұмдық нәрселер өтті. Дәрігерлерде «жарақаттан кейінгі синдром» деген ұғым бар. Бір адам психологиялық жарақат алса, күйзеліске түссе, кезінде кәсіби маманнан көмек алмаса, «необработанный психологический удар» қалып қояды. Ал ол соққы адамның түпсанасына еніп кетеді.
Мысалы, бай-қуатты азаматтың бір кездері мүлкі кәмпескеленген болса, логика бойынша бай болу қауіпті деп ойлайды. Қаншама әже баласынан айырылды. Балалы болу қауіпті деген ой туды. Генетиктер зерттеу жасап, қалыптасқан мінез-құлық 3-4 ұрпағында анық көрінетінін айтады. Себебі олар – әке-шеше, екі ата-әжеміз. Сондай-ақ қалыптасқан мінез-құлық бір ұрпақтан кейін белсенді түрде көрінеді.
– Біз нешінші ұрпақпыз?
– Өзімізді бірінші ұрпақ деп санаймыз. Әкеміз бен анамыз – екінші ұрпақ. Яғни, төменнен жоғары қарай көтерілеміз.
Ата-әжеміз, кей жағдайда арғы ата-әжеміз біздің өміріміздің сценарийін жазып кеткен. Әкеміз бен анамыз – режиссер, біз – актер. Генограмманы сызып, ата-анасы туралы сұрастырамыз. Біз үшін ең маңыздысы – екі ата-әжесі. Олардың өмірінде не болды? Қандай жағдай бастарынан өтті? Сол арқылы адам өзін түсінеді. Көбіне, біз атамыз бен әжемізге ұқсаймыз, солардың өмірінде болған оқиғалар бізде қайталанады.
– Өмірде түрлі жағдай болады. Кей адам өзінің биологиялық анасын не әкесін білмеуі мүмкін, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандар да бар. Мұндай жағдайда мәселенің шешімі бар ма?
– Шешімі бар. 90 жылдары әке-шешесін білмейтін бала көп болды. Олармен жұмыс істеудің әдісі бар. Жетім балада жетімдік мінез болады, ол – құрбан. Оны құрбандық-жетімдік белгілері деп атайды. Олар ешқашан бас тарта алмайды, «жоқ» деп айта алмайды. Бәріне келісе береді. Олардан көп адам ақша мен көмек сұрай береді.
Тағы бір белгісі – олар ешкімнен көмек сұрай алмайды. Берген нәрсені оңай қабылдай алмайды: «неге әуре болдыңыз?» деп, өзін әрқашан кемітіп тұрады. Әділет үшін қатты күреседі.
Ол балалармен тәрбиешілер жұмыс істейді. Солардың 80 пайызы жетім екен. Өзі жетім болған ұстаз балаға басқа сезім бере алмайды. Ол жетімдік-құрбандық сезімді ұлғайта береді. Жетім баламен жұмыс істеген кезде «иә, сен ата-анаңды білмейсің, мүмкін оларды ешқашан таба алмайсың. Бірақ олар болған. Тек бар, бір жерде өмір сүріп жатыр. Қазақстанда немесе басқа елде болуы да мүмкін» дейміз. Бала сол күнге дейін «жоқ» деген сезіммен өмір сүрді. «Әкем жоқ», «шешем жоқ» деп жүрді. Жетімдерде ең көп айтылатын сөз – «жоқ». Осы сөзді «бар» деген сөзге ауыстырамыз. «Әкең бар», «анаң бар», «ұстаздар бар»... Соны бала түсіне бастаған кезде «сен өз тегіңнің басшысы-құрылтайшысысың» деп сіңіреміз. Ер балаға осылай айтқан кезде көзі жарқырап кетеді. «Сен қалай болсаң, ұрпағың солай өмір сүреді» дейміз. Бұл – рухани жұмыс.
Толығырақ мына жерден көруге болады.