Ол оқуын тәмәмдап, ірі компаниялардың бірінде IT маманы қызметін атқарып жүр
«Сұрауы бар» Youtube арнасында қос аяғынан қатар айырылса да жігері жасымаған Айсұлу Сүлейменова туралы видео жарияланды.
Айта кетсек, Айсұлу Сүлейменова 11 жыл бұрын жол апатына түсіп, дәрігерлер екі аяғын кесіп тастауға мәжбүр болған. Бірақ ол протезбен болса да аяғына қайта тұрды. Тұрмысқа шықты. Сәби сүйді. Алайда жолдасымен дәм-тұзы жараспай, ажырасып кеткен. Ал апат болған сол бір күнді әлі жатқа біледі.
Қатты қиын болды. Қатты жыладым. Неге мен? Неге маған? Ол кезде небәрі 20 жастағы қызбын ғой. Бірақ жақындарымның қолдауының арқасында бұл сынақтан өттім. Төсекке таңылып жатқанымда жанымда таң демей, түн демей, 20 адам отырды. Солардың арқасында мен өзімді қолға алдым. Осы жағдай болғаннан кейін оқуымды тастамадым. Не болса да осы оқуды бітіремін деп шештім, – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Айсұлу Қазақстанның паралимпиада құрамасында жаттығады. Ол басына түскен ауыр сынаққа қарамастан оқуын тәмәмдап, қазір ірі компаниялардың бірінде IT маманы болып қызмет атқарып жүр. Жалғызбасты ана баласына сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін аянбай еңбек ете бермек.
Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.