Қазақстанның тез арада әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізетін ел болғанын қалаймын, - деді ол
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов футболдан әлем чемпионатын өткізу идеясы туралы айтты.
Бұл ұсынысты ол жақында Ыстықкөлде Орталық Азиядағы түркітілдес елдердің футбол қауымдастықтарының басшылары қатысқан жиында айтқан болатын. Содан кейін осы әңгіме соңғы күндері ел ішінде қызу талқыланып, оған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та пікір білдірді. Қысқасы, оның пікірінше қазір де алдағы уақытта да Орталық Азия мемлекеттері әлем чемпионаты сияқты мәні мен маңызы зор доданы өткізуге дайын емес. Оған көп қаражат керек.
Ал Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловтың айтуынша, әлем чемпионатын өткізу идеясы бекерден-бекер пайда болған жоқ. Бұл идея елді алға жетелейтін, алға қадам бастыратын қозғаушы күш болуы тиіс.
Енді Қазақстан футбол федерациясының басшысының өзіне кезек берсек, ол әлем чемпионатына қатысты мынадай пікір білдірді. Оның пікірін оқырманның назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Бірнеше күннен бері желіде, кейбір БАҚ парақшаларында, біздің әлем чемпионатын өткізуге деген ықыласымыз туралы мәселе қызу талқыланып жатыр. Осыған орай, мен осы мәселені анықтап алғым келеді.
Орталық Азиядағы түркітілдес елдердің футбол қауымдастықтары басшыларының Ыстықкөлде өткен кездесуінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан футбол қауымдастықтарынан бірлескен жарыс өткізу мәселелерін қарастыру үшін жұмыс тобын құру туралы бастама көтердім. Олардың ішінде жасөспірімдер (U-17, U-19), жастар (U-20, U -21) халықаралық турнирлері, сондай-ақ әлем чемпионаты бар.
Жұмыс тобы — осындай жарыстарды ұйымдастыруды FIFA-ға ұсыну үшін бастаманың мақсаты мен мүддесін айқындайтын және ортақ талқылайтын құрал. Халықаралық институтқа өтініш беру үшін елдердің инфрақұрылымдық және қаржылық тұрақтылықтарын бағалайтын ауқымды жұмыс жүргізілу керек.
Мұндай мәселе үш елдің Үкіметінің деңгейінде қарастырылатынын жақсы түсінеміз. Жарыстарды ұйымдастыруға өтініш беру туралы нақты шешімді барлық факторлар сараланғаннан кейін салалық мемлекеттік құрылымдар қабылдайды.
Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның халықаралық турнирлерді бірлесіп өткізуі халық арасындағы достық пен спорттық байланысты нығайтуға, сондай-ақ әлем жұртшылығының назарын Орталық Азияның футболына бет бұруға мүмкіндік береді.
Осындай әлемдік іс-шаралар аясында біздің халықтардың өзара іс-қимылы әлеуметтік-мәдени тұрақтылық пен экономикалық өркендеуге мүмкіндік береді.
«Өсер елдің баласы арманшыл келеді...» дейді халық даналығы. Қазақстанның тез арада әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізетін деңгейге жеткенін қалаймын. Мен осыған шын жүректен сенемін.
Әлем чемпионаттарының экономикалық бөлігіне қатысты ақпарат (анықтама үшін):
2014, 2018 және 2022 жылдардағы соңғы үш футболдан әлем чемпионатын өткізген елдердің шығыны 11,6 млрд доллар (Бразилия), 14,2 млрд доллар (Ресей) және 220 (Қатар) млрд долларға жетті. Бұл ретте спорт нысандарының құрылысына жұмсалған шығындардың үлесі Бразилияда 30% (3,5), Ресейде 25% (3,5), Катарда небәрі 4% (9) болды. Шығындардың негізгі бөлігін инфрақұрылымға (әуежайлар, метро, порттар, жолдар және т.б.) тартылған инвестиция құрады. Мысалы, Катардағы жалпы бюджеттің төрттен бірі (50 миллиард долларға жуық) жаңа Лусаил қаласының құрылысына жұмсалды.
Ресейдегі әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетінің есебіне сәйкес, әлем чемпионатына дайындықтың алты жылдық кезеңінде елдің жалпы ішкі өніміне әсері 14 миллиард АҚШ долларынан асты (ең алдымен құрылыс және туризм индустриясының есебінен), туристер ағыны ЖІӨ-ге 3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі үлесті қамтамасыз етті.
Бразилияда өткен әлем чемпионатын 1,35 миллион, Ресейде – 3 миллионға жуық, Катарда – 1,4 миллион шетелдік турист тамашалаған.
Бейресми деректер бойынша әлем чемпионаты аясында Бразилияда 380 мың, Ресейде 315 мың, Қатарда 1,5 миллион жұмыс орны ашылған.
ФИФА мәліметі бойынша Катарда өткен әлем чемпионатының аудиториясы (теледидар мен интернет) шамамен 5 миллиард адам болды. Барлық ақпараттық платформалардағы жалпы аудиторияны қамту 262 миллиард долларға жетті. Бұл да чемпионаттың негізгі экономикалық бөлігі.
Футболдан XXV әлем чемпионатының финалдық кезеңі 2034 жылдың жаз айларында ФИФА-ға мүше 48 елдің ұлттық құрамаларының қатысуымен өтеді.
Чемпионаттың өтетін орны 2026 немесе 2027 жылдары анықталады.