Әуелі Құдайға сенеміз, сосын бәрін команданың ойыны көрсетеді, - деді ол
Бүгін түнде Астана уақытымен сағат 00.00-де «Астана» клубы УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда Хорватияның «Динамо» командасымен кездеседі. Бұл матч Загребтегі «Масимир» стадионында болады.
Кеше Загребте «Астана» клубы жаттығу жасады. Оның алдында команданың шабуылшысы Абат Айымбетов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
-«Динамо» клубымен матч қиын бола ма?
-Әрине, қиын матч болады. Біз ойынға дайынбыз. Елге жақсы көңіл-күйде қайтамыз деп ойлаймын.
-Загребке қандай көңіл-күймен келдіңдер?
- «Динамо» – жыл сайын еурокубокқа тұрақты қатысып жүрген команда. Әр жылы топтық кезеңде ойнайды. Оларда ұлттық құрамада ойнайтын футболшы көп. Жалпы, «Динамо» жақсы команда.
-Матчтан не күтуге болады?
-Бәрін ойын көрсетеді. Тағы да қайталап айтамын, біз ойынға жақсы дайындалдық.
-Абат, баспасөзде Астананың мүмкіндігі аз екені айтылып жатыр. Бұл туралы не айтар едің?
- Біз «Динамоға» құрметпен қараймыз. Ал «Астананың» мүмкіндігі аз деген пікір туралы айтар болсам, мен онымен келіспеймін. Біздің ойымыз да ойынымыз да басқаша. Мен өз командама сенемін. Әуелі Құдайға сенеміз, сосын бәрін команданың ойыны көрсетеді. Жанкүйерді жақсы нәтижемен қуантамыз деп ойлаймын.
Еске сала кетсек, «Астана» Чемпиондар лигасының іріктеу турниріне қатысып жатыр. Команда бірінші іректеу кезеңінде Тбилисидің «Динамо» клубымен кездесіп, онымен бірінші матчта өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнап, екінші ойында 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге шыққан болатын.
Енді «Астана» бүгін түнде Загребтегі ойыннан кейін қарсыласымен 2 тамызда «Астана Арена» стадионында кездеседі.