Halyq Uni логотип
×

«Amanat партиясының болашағы бұлыңғыр»: Саясаттанушы атауы өзгерген партияның келешегі жайында

Тоқаевтың партиядан кетуі, қос партияның бірігуі жайында сарапшының пікірі

 Айнұр Шошаева 02.05.2022 | 00:58
«Amanat партиясының болашағы бұлыңғыр»: Саясаттанушы атауы өзгерген партияның келешегі жайында
Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі, 2019 жылдың 23 сәуірі

26 сәуірде Amanat партиясының съезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия қатарынан кетіп, оның орнына Ерлан Қошанов Amanat партиясының төрағасы болып сайланды.

Одан бөлек, партия съезінде ADAL саяси партиясы ресми түрде Amanat партиясына қосылды. ADAL партиясының саяси кеңесі құрамында болған Елдар Жұмағазиев, Мақсат Толықбай, Дәулет Мұқаев Amanat партиясының саяси кеңес құрамына енді.

Осы және басқа да өзгерістерді Halyq Uni тілшісі саясаттанушы, коммуникация маманы Шалқар Нұрсейітовпен аз-кем талдап көрді.

- Жуырда билеуші партияның съезінде ADAL саяси партиясы ресми түрде Amanat-қа қосылды. Бұл «қосындыдан» мықты партия шығады деп айтуға бола ма?

- Nur Otan партиясының (қазіргі Amanat партиясы – авт.) спутнигі ретінде ADAL партиясы бұған дейін де про президенттік - билікшіл партия болып келген. Тіпті, Парламент сайлауының алдында ADAL партиясының офисі елордадағы Nur Otan партиясы филиалында тіркелген болып шыққанын журналистер анықтаған болатын. ADAL партиясы - бұрынғы «Бірлік» партиясы Nur Otan-ның спутнигі ретінде жұмыс істейтінін жасырмай келді. Сондықтан бұл партияны дербес партия ретінде қарастыруға мүлдем келмейді.

Екіншіден, ADAL партиясы да, Nur Otan партиясы да бұған дейін ешбір іліп алатын жобалармен, ұсыныстармен, әсіресе, заңдармен есімізде қалған жоқ. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жыл бойы саяси монополист болып келген Nur Otan қолындағы бар билігін, саяси мүмкіндігін дұрыс мақсатта жұмсай алған жоқ. Қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге, Қазақстандағы демократиялық институттардың қалыптасып, одан әрі дамуына ешбір жағдай жасай алмады. Ал ADAL партиясының қатарына әлеуметтік желілерде, медиада танымал 5-6 адам кіргізу арқылы партияны жаңғырту мүмкін емес еді. Бұл қадам партияның танымалдылығын арттыруы мүмкін, бірақ ол сапаның, тиімді жұмыстың синонимі, кепілі емес. Өз басым қатарында танымал адамдары бар ADAL партиясы осы уақытқа дейін қолында билігі болған монополист Nur Otan-ға қосылуынан саяси сахнада мықты партия болады дегенге сенбеймін. Өйткені алғышарттары жоқ. Ашық және әділ сайлау болатын болса, бұл партияның басымдықпен Парламентке өтетініне, мандаттардың басым көпшілігін әділ жолмен жеңіп алатынына күмәнім бар.

- Тоқаевтың Amanat-тан кетуі партияның әлсіреуіне әкеледі ме?

- Біріншіден, біз Тоқаевтың президент болып отырған кезде ғана қатысы болмайтынын ұмытпауымыз керек. Алда Тоқаев екінші рет сайлауға түсетін болса, сайлауға кандидат ретінде Amanat партиясының атынан тіркелуі мүмкін. Amanat партиясы оның сайлауалды компаниясын жүргізуі мүмкін. Тоқаевтың партиядан уақытша алыстауы бірінші кезекте саяси негативтен, Nur Otan-ның токсикалық, тым көп негатив туғызатын имиджіне байланысты. Әсересе, партия Назарбаевтың атымен тығыз байланысы болғаннан кейін Тоқаев осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған болуы мүмкін. Алдағы уақытта Тоқаевтан кейін облыс әкімдерінің партиядан шығу челленджін көруіміз мүмкін. Бірақ әкімшілік қазіргі Amanat партиясымен бірге жұмыс істеуін тоқтата қояды дегенге өз басым бірден сене қоймаймын. Иә, алдағы уақытта бірнеше жылдың көлемінде Amanat партиясының танымалдылығы, саяси қолдауы әлсіреуі мүмкін. Оны жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, қазірден бастап саяси жағдай өзгеріп жатыр. Қаңтар қырғынынан кейін Қазақстандағы саяси жағдай мүлдем бөлек қарқынмен жүретін болды. Сол себепті Amanat партиясының болашағы өте бұлыңғыр. Ең алдымен бұл халықтың шынайы қолдауына ие болмауынан және саясатта карьера жасағысы келетін азаматтар есімінің Nur Otan-мен байланысты болғанын қаламайды. Осы екі фактордың себебінен Amanat партиясының болашағы бұлыңғыр деп айтар едім.

- Президент айтқан Жаңа Қазақстанға қандай партия керек? Жаңа Қазақстанға сай партия болу үшін Amanat-ты қалай реформалау керек?

- Қазақстанға реформалайын партия емес, түрлі партиялар керек. Ең бастысы қазір монополист – бұрынғы Nur Otan мүшесі болған Орталық сайлау комиссиясындағы, Әділет министрлігін басындағы партияға қатысы бар азаматтар, Президент әкімшілігінде партия арқылы карьера жасаған азаматтар өте көп. Осы азаматтар жаңа партиялардың пайда болуына, тіркелуіне, сайлауға қатысуына кедергі келтірмеуі керек. Жоқ жерден сылтау тауып, партияларды тіркемеуге тырысатын болса, ол өкінішке қарай Қазақстанның алға жылжыуына, дамуына үлкен кедергі болады. Тіпті, кері кетуіне сеп болуы мүмкін. Ең бастысы, бірнеше партияның тіркелуіне рұқсат берсін. Кімнің кім екенін сайлаушылардың өзі анықтап алады. Қазір азаматтардың саяси сауаты, мәдениеті артып келе жатыр. Әсіресе, әлеуметтік желілердің арқасында, елде болған түрлі саяси оқиғалардың әсерінен саясатқа бей-жай қарайтын азаматтардың саны азайып, саясатқа қызығатын азаматтардың саны артып келе жатқан секілді.

Менің ойымша, дәл қазір Amanat партиясын реформалау мүмкін емес. Өйткені, Amanat – Nur Otan партиясын құрған адамдар, қазір партияны басқарып отырған билік айналасындағы азаматтар ойын ережесін жақсы біледі. Олар - ойын ережесін қалыптастырған, атсалысқан адамдар. Ол адамдардың өз-өзін реформалайды дегенге күмәнім көп. Nur Otan партиясын Қазақстанда саяи диктатура орнатқан партия деуге болады. Қазақстанның авторитарлы мемлекет болуына үлес қосқан, ат төбеліндей азаматтардың билігін күшейтуге, олардың материалдық жағдайын нығайтуға жағдай жасаған партия. Жалпы, Nur Otan партиясы КСРО кезіндегі компартияның кебін киеді деп ойлаймын. Қазір бұл партияның пайдасынан зияны көп. Ол компартия секілді архивке кетуі керек. Реформалаудың басқа жолын көріп тұрған жоқпын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама