Елімізде онымен 584 мың адам айналысады
Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек елімізде соңғы 3 жылда ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың саны 35 пайызға артқанын айтты.
Оның айтуынша, 2020 жылы 432 мың адам ұлттық спорт түрлерімен айналысса, 2022 жылдың соңында бұл көрсеткіш 584 мың адамға жетті.
Ең үлкен көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді. Онда 110 мыңнан астам адам ұлттық спорт түрлерімен айналысады. Бірден бірнеше облыста спортшылар саны 10 мыңға өсті. Атап айтқанда, олар – Қостанай (13 мыңнан 23 мыңға дейін), Қызылорда (20 мыңнан 30 мыңға дейін), Павлодар (17 мыңнан 27 мыңға дейін), Солтүстік Қазақстан (8 мыңнан 18 мыңға дейін) облыстары және Шымкент қаласы (10 мыңнан 20 мыңға дейін).
Ұлттық спорт түрлерімен айналысатындардың саны бойынша көшбасшылардың үштігіне Жамбыл (40 мың адам) және Алматы (39 мың адам) облыстары кіреді.
Ұлттық спорт түрлерінің танымалдылығының артуы – Мәдениет және спорт министрлігінің ұлттық спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі. Әрине, бұл – ірі халықаралық турнирлерді өткізу ғана емес. Мысалы, қажет инфрақұрылым құрылысы болып жатыр. Елімізде 16,5 мыңнан астам жаңа үйірме ашылды. Қолданыстағы жарыстардың форматы өзгеріп келеді, – деді Сәрсен Құранбек.
Қазақстан ұлттық құрамасында спортшылар саны бойынша Түркістан (74 адам), Жамбыл (52 адам) және Астана қаласы (43 адам) көш бастап тұр.