«Қытаймен дұрыс жұмыс істеп үйренуіміз керек»: депутат визасыз режим, синофобия туралы

Дәурен Ерболат

Тілектес Адамбеков көрші елдің нарығын пайдалануға шақырды

Фото: parlam.kz

Қытайда 8 жыл тұрған, сонда білім алған Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков көрші елдің нарығы туралы айтып берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Болашақ бағдарламасы бойынша 6 жыл білім алдым. Сондай-ақ Назарбаев университетінің түлегімін. Онда мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білімімді шыңдадым. ҚХР-да телекоммуникация және технология бойынша білім алсам (бакалавр), магистр дәрежем – мемлекеттік басқару. Мектеп бітіргенде шетел асып, басқа елдің мәдениетімен танысып, тілін үйренемін деген ниет болды. Өкінішке қарай, көршіміз туралы көп біле бермейміз. Соған қызықтым. Құдайға шүкір, 8 жыл білім алдым. Оның 3,5 жылы қытай тілін үйренуге, 4 жылдан аса уақыт мамандықты меңгеруге кетті», - деді депутат.

Тілектес Адамбеков бүгінде қытайлықтармен еркін сөйлесе алатынын атап өтті. Сондай-ақ ол қытай тілін үйренгісі келетіндерге кеңес берді.

Бірінші кеңесім, тілді Қытайда оқыған дұрыс. Өйткені тілден бөлек олардың мәдениетін, ойлау қабілетін, салт-дәстүрін білуіңіз керек.

Екіншіден, Қытайда білім алғысы келетін мамандарға басты қойылатын талап – ҚХР-мен сауда жүргізіп үйрену.

Үшіншіден, тек иероглифтерді жаттасаңыз, қытайша оқи аласыз, жаза аласыз, бірақ адамдармен сөйлесе алмайсыз. Мысалы, бейжің диалектісінде, яғни ағылшынша оны мандарин дейді. Бұл диалектіде 4 том бар. Қателеспесем, Гуандун провинциясында 9 том бар. Басқа провинцияларында 9 томға жететін диалект бар. Айтпағым, тек иероглиф жаттап, тілді үйренуге болмайды. Жалпы қытайша, ағылшынша оқығанда сол тілде міндетті түрде көп сөйлесу керек, - деді Тілектес Адамбеков.

Сондай-ақ депутат Қытай тұрғындарының еңбекқорлығы мен қайсарлығына тәнті болғанын жеткізді.

«Әр халықтың өзінің ерекшелігі бар. Қытайлар бір дүниені бастаса, соның нәтижесіне жетпейінше тоқтамайды. Орысша айтқанда, бұл – постоянство. Ол – өте маңызды. Мысалы, 70 жастағы зейнеткерлер шпагатқа отырамын десе, шпагатқа отырады, турникке тартыламын десе, турникке тартылады. Бұл – мен көрген жағдайлар. Одан бөлек, бизнес саласына тоқталайын. Онда да тура солай. Бір жобаны бастаса, оны іске асыруға, нәтижеге жетуге талпынысы жоғары», - деді ол.

Сондай-ақ Тілектес Адамбеков «Біз Қытайдан неге қорқамыз?» деген сұраққа жеке пікір білдірді.

Шыңғысхан (Моңғол империясының негізін қалаушы) да Қытайдан қорыққан. Кезінде үлкен басшылар «Когда Китай проснётся, весь мир содрогнется» депті. Синофобия бар. Оның дұрыс-бұрысын халық өзі шешер. Қазақта «Көршіні Құдай береді» деген жақсы сөз бар. Біз көршіні таңдамаймыз. Мысалы, көршіміз Ресейді алайық. Біз орыс тілі мен әдебиетін білеміз. Мысалы, күнделікті жаңалықты алмаған күннің өзінде, Ресейдің поп жұлдыздарының өмірінде өзгеріс болса, оларды біздің БАҚ жариялайды. Ал біз Қытай туралы не білеміз? Өкінішке қарай, көршіміз туралы шектеулі ғана ақпарат білеміз. Қытайда 1,5 млрд адам тұрады. Бұл – мұхит. Бізге Алла оны бермеген. Бірақ жанымызда тұрған мұхит – Қытай, - деді депутат.

Депутаттың пікірінше, қазақстандықтар Қытайдың нарығына кіріп, содан табыс тауып үйренуі керек.

Себебі, қазір ауыл шаруашылығы өнімдері: ет, май және экологиялық таза өнімдерге Қытайда үлкен сұраныс бар. Мысалы, Сингапурды алайық. Ол – кішкентай, қала-мемлекет. Бірақ олар мұнайды өңдеп, одан көптеген тауар шығарады. Содан кейін Қытайға сатады.

Тура сол сияқты, Қазақстан Құдай берген көршісі Қытаймен дұрыс жұмыс істеп үйренуі керек. ҚХР-дан біз алыстап кете алмаймыз, шекараны жауып тастасағаннан пайда таба алмаймыз. Шекараны ашып тастасақ та болмайды. Ол жақтан біз қарыз немесе несие алмай, дұрыс инвестиция мен жаңа технология тартуымыз керек. Менің ойымша, бүгінде Қазақстан өзінде шығарған тауарды Қытайға сатуы керек, - деді ол.

Сөз соңында Тілектес Адамбеков Қазақстан мен ҚХР виза режимін жеңілдеткенін, бұл сауда-саттықтың дамуына септігін тигізгенін айтты.

«Бізде көптеген мемлекетпен 30 күндік визалық режим бар. Қытаймен жасалған келісім қызу талқыланды. Қоғам белсенділері БАҚ-та әртүрлі пікір айтты. Қытайда оқыған азамат ретінде айтайын, (қазақ-қытай) шекарасын жауып тастап, қорқып, ешкімді кіргізбейміз деп отырсақ, онда еш пайда таппаймыз. Сондықтан біз алпауыт көршімізбен қарым-қатынасымызды нығайтуымыз керек», - деді депутат.

Депутат келісім аясында қос елдің азаматтары жұмыс істей алмайтынын да айтты. Олар тек елге турист ретінде келе алады.

Туризм жағына тоқталайын. (Жеңілдетілген визалық режим) саланың дамуына серпін береді. Жалпы, Қазақстанға келіп, дархан даламызды көру, Бурабайдан бастап, Алматының тауларында, Батыстың табиғанда болу олардың қызығушылығын тудырады. Олар экологиялық таза өнімдерге қызығады, сұраныс жоғары. Мұны Қытайда тұрған адам ғана түсіне алады. Қытайда сүт табу қиын, ал бізде сүт – молшылық. Сондықтан Қазақстанға келген қытайлықтар ең алдымен таза етке, таза өнімге таңғалады. Олар осында тамақ ішкенді, саяхаттағанды жақсы көреді. Мұнда таза ауа бар. Сондықтан біз осы мол байлықты жоғалтып алмауымыз керек, - деп сөзін түйіндеді Тілектес Адамбеков.