Halyq Uni логотип
×

Менің қамалуым біреуге өте қажет болған шығар – түркістандық жоғары шенді полицей көмек сұрады

Данияр Мейірхан жақында ұсталған еді

 Қымбат Елтайқызы 01.05.2022 | 10:00
Менің қамалуым біреуге өте қажет болған шығар – түркістандық жоғары шенді полицей көмек сұрады
фото: Halyq Uni

Биылғы сәуірдің соңында Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы Данияр Мейірхан қамауға алынды. Ауданның бас полицейінің үстінен «Өзінше билік ету» бабы бойынша іс қозғалып отыр.

Данияр Мейірханды Шымкент қалалық полиция департаментіне қарасты өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері құрықтаған. Күдікті қалалық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалған. Аталған жайт бойынша қылмыстық кодекстің 389-бабымен (өзінше билік ету) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сенсек, Данияр Мейірхан Шымкенттегі автосалоннан Kia Corenta көлігін заңсыз иемдену фактісі бойынша күдікті болып отыр.

Дегенмен енді полиция подполковнигі «мен қылмыскер емеспін» дейді.

Менің айналамда өте күрделі жағдай орын алып отыр. Мені құрықтау, 10 тәулікке қамауға алу және менің изоляторда жатуым - бұл менің конституциялық құқықтарымды бұзу ғана емес, сондай-ақ ҚР қылмыстық процестік кодексті де бұзу деп ойлаймын. Мен қылмыскер емеспін. Алайда мені ұстау үшін 5 автокөлікке мінген бүтіндей топты жіберген. Мен олардың іс-әрекеті ҚР ҚПК-н бұзатынын айтқанмын. Олардан менің жазықсыз екендігімді дәлелдейтін, яғни бір-екі күнде шешуге болатын материалдарды жинап, оларға ұсынуым үшін бірнеше сағат сұрадым. Бірақ маған әділдікті басқа жерден іздеуім керектігін айтты. Бұл жағдайлар «менің қамалуым біреуге өте қажет болған шығар» деген ойға итермелейді. Ішкі істер министрі Ахметжанов Марат Мұратұлынан осы жағдайды тексеріп, маған және ҚР ҚПК-ін бұзған сақшыларға қатысты заңды шешім қабылдауын сұраймын, – деп жазды Данияр Мейірхан әлеуметтік желіде.

Данияр Мейірхан – полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаевтың ұлы. Ол бұған дейін Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған. Жергілікті мектеп мұғалімімен болған жанжалдан кейін ол жұмысынан кетіп, 2020 жылдан бері Түлкібастың бас полицейі болып келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама