×

Мәжіліс депутаты өзінің казинодағы суретіне қатысты пікір білдірді

Ол осының бәрінің артында тұрғандардың есімдерін оңай болжай алатынын да ескертіп қойды

 Еркеғали Болатұлы 16.07.2023 | 17:40
фото: дереккөз

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің желідегі казинода түскен суреттеріне байланысты түсінік берді. Айтуынша, ол казиноға тек зайыбымен концерт көру үшін барған. Ал құмар ойындарын ешқашан ойнамаған екен. Мұны ақпараттық арандатушылық деп атаған шенеунік оның артында кімдердің тұрғанын да біледі

Депутат жұртқа объективті, тек шынайы тексерілген ақпаратқа сенуге кеңес берді. Айтуынша, желіде тараған сурет осыдан 7 ай бұрын, Мәжіліс депутаты болып сайланар алдында, 2022 жылдың 24 желтоқсанында Конаев қаласындағы Bellagio казиносында түсірілген.

Мұнда біз зайыбым екеуміз танымал поп музыканттардың концертіне келгенбіз. Суреттен байқасаңыз, шырша мен қысқы жемпір киіп жүрмін. Достар, мен құмар ойынына тәуелді адам емеспін, тіпті ешқашан әуес болмағанмын, ойнаған да емеспін. Тіпті ойнамайтынымды осы суретте тұрып тұрғанымнан-ақ байқауға болады. Мұнда зайыбыммен бірге шай ішіп, қасында қарап отырғанымды аңғарасыз, – деп ақталды депутат.

Сондай-ақ ол өзінің Мәжіліс депутаттығына дейін жер мәселелері бойынша кәсіби коммерциялық заңгер болғанын алға тартты. Бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген ол коммерциялық заңгер ретінде уақытын қалай, қайда өткізетінін өзінің жеке ісі деп санайтынын жеткізді. Ал Мәжілістегі белсенді әрекетінен кейін 7 ай өткен соң жасырын түсірілген осы жеке фотосуреттерді біреудің жариялауы кездейсоқ емес екеніне сенімді.

«Жақында Мәжіліс мінберінен еліміздегі жер қатынастары мен құрылыстың ең күрделі мәселелерін көтердім. Атап айтқанда, 8 облыс әкімдігінің тұрғын үйлердің жеке құрылысын инженерлік желілермен қамтамасыз етуге бөлінген 26 миллиард теңгені игермегенін және оны мақсатсыз пайдаланбау мәселесін қозғадым.

Парламент мінберінде Үкіметтен мемлекеттік жер кадастрын ашып, барлық жер иелері мен пайдаланушылардың аты-жөнін жариялауды талап еттім. Үкіметтің қарсылығына қарамастан заңсыз алынған мүлікті қайтару және жайылым мәселелері туралы заң жобаларына ұсыныс енгіздім. Сонымен қатар, тағы да қарсылықтарға қарамастан елді мекендердегі сейсмикалық, көшкін қаупі бар аймақтарда және тектоникалық бұзылыстарда жер телімдерін беруге және тұрғын үйлер салуға тыйым салуға қатысты заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс енгіздім.

Бұл ұсыныстардың барлығы әкімдік шенеуніктерінің іріктелген құрылыс салушыларға жер телімін жосықсыз беру үшін жасаған ұзақ мерзімді сыбайлас жемқорлық әрекеттері мен схемаларын бұзады», - деді Бақытжан Базарбек.

Ол осының бәрінің артында тұрғандардың есімдерін оңай болжай алатынын да ескертіп қойды.

Маған күйе жағушылардың басты мақсаты – депутат бола тұра казинода жүргенім туралы ақпаратты таратып, халық алдында беделімді түсіру. Сол арқылы жер мәселесінде сыбайлас жемқорлықпен күресудегі күш-жігерімді азайтқысы келеді. Маған ақпараттық қысым көрсету арқылы бұл ұсыныстарды заң жобасы ретінде іске асыруға кедергі жасамақ. Бұл – таза арандатушылық, жасырын түрде депутаттық қызметіме кедергі, - деді Бақытжан Базарбек.

Сонымен қатар, ол құмар ойындарына тыйым салу туралы мәселе көтерілсе, жабылуын қолдап, өзінің бірінші дауыс беретінін алға тартты.

«Казино ішінде ойын автоматтары мен ойын залдарына ақшасын жұмсайтын құмарпаз азаматтарды көрдім. Ал мені айыптағандарға келетін болсақ, өзіме қарсы жасалған бұл ақпаратты арандатушылық деп есептеймін. Мен мұндай қулықтарға сынбаймын. Мүмкіндіктеріміз зор, ерік-жігеріміз жетеді. Бұл – тек бастамасы ғана», – деп түйіндеді жазбасын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама