Halyq Uni логотип
×

Ойынқұмарлардың 70%-ы емделіп шығады – психолог Серікгүл Сәли

Лудомания – жан дүниенің рагы

 Ербол Тұрымбет 15.07.2023 | 12:02

Қатерлі ісік ауруы бар, емделмейді. Егер осы рактың емделуінің ықтималдығы 5%, соны Түркияға барып емдетіңіз десе, біз сол 5%-ға жармасамыз. Тәуелділік ауруы да сондай. Өмір бойы санадан өшпей, сізбен бірге жүреді. Ол жан дүниенің рагы. Бірақ оның жазылу ықтималдығы 70%, бұл өзімнің осы екі жылдан астам уақыттағы жасап жүрген жеке есебім, – дейді маман.

Оның сөзінше, емделуге келіп жатқан жүз адамның 70-сі сауығып шығады. Сол 70-тің жартысы бір жыл, кейбірі жарты жылдан кейін қайтадан ойнап қояды. Себебі, сана мен сезімде тазаланбаған нәрселер қалып қойса, сол іштен бүр жарып шығып, қайтадан бәрін бүлдіреді. Сосын тағы қайта қалпына келеді, сөйтіп жүріп әйтеуір дұрыс жолға түседі. Қалған 30%-ға жуығы солай емделе алмай кетеді.

Тек ойынқұмарларды түзеймін деп, күшпен тәрбиелеуден аулақ болу қажет екенін айтады. Мысалы, оның айтуынша, біздегі ата-аналар ойынқұмар болған жігітті әлсіз деп санайды. Сол себепті, жақсылап тұрып сабау керек, жұмысқа жегу керек, содан кейін адам болады деген ойда жүреді. Қателік те осы жерден кетеді. Өйткені, тәуелді болатындар әлсіз адамдар емес.

Мысалы мен алдымда отырған әрбір ойынқұмарға өте үлкен құрметпен, сыйластықпен қараймын. Өте жоғары тұлға ретінде, ішкі жан дүниесін көтеріп қараймын. Е, мал, оңбаған, сен адам емессің деген көзқарас жоқ. Оны басып жаншыған сайын іштегі жарасы жабулы қазан күйінде қала береді, – дейді психолог.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама