Halyq Uni логотип
×

Қазақ жерлері Қытай картасына еніп кеткен: тарихшы өз уәжін айтты (ВИДЕО)

Қазақ жерін өз карталарына енгізу – соңғы 100 жылдың ғана концепциясы

 Халық үні 14.07.2023 | 16:30

Қытай ғалымдары қазақ жерлерін өз карталарына әдейі енгізіп отыр. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, Гарвард университетінің профессоры, картограф Нұрлан Кенжеахмет мәлімдеді.

Бұл ретте түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерде Қазақстанға тиесілі өңірлердің Қытай карталарында бейнеленгені тараған. «Сұрауы бар» Youtube-арнасына берген сұхбатында Нұрлан Кенжеахмет бұл әрекетті растап, фейк еместігін жеткізді. Алайда мұндай географиялық жаңашылдық әлемдік ғалымдар, ғылыми орталықтар, университеттер тарапынан мойындалмаған.

18-19 ғасырдан кейін, негізінен 20 ғасырда Балқаштың оңтүстігін, шығысты біздікі дейтін көзқарас пайда болды. Бірақ бұрынғы Чинь (Цинь) империясы тұсында сызылған карталарда ондай айғақ жоқ. Бұл – кейінгі ғалымдардың өздерінің бір көзқарасы, - дейді ғалым.

Сондай-ақ тарихшы Қытайдың кей ғалымдары сызған карталардың еш сын көтермейтінін ашып көрсеткенін айтты. Мұны ол тарихи деректерге сүйене отырып жасаған. Ол үшін әлемнің көне дерекқорлары бар орындарын аралап шыққан.

Бұл менің екінші монографиямда бар. Ол биыл Германияда, ағылшын тілінде жарық көрді. Оған 200-ден астам карта енгіздім. Гарвард университетінің карталар кітапханасынан, Вашингтондағы Конгресс қорынан, Лондондағы British Library кітапханасынан алдым. Онда Абылайханның тұсында сызылған моңғол тіліндегі карта бар, соны пайдаландым. Одан кейін Қытай мен Тайванның карталарын қолдандым, -дейді Нұрлан Кенжеахмет.

Бұдан бөлек, Қазақ хандығы тұсындағы Еуропа мен Ресей карталары да бар. Ал қазақ жерін өз карталарына енгізу – соңғы 100 жылдың ғана концепциясы. Демек, ол ғылымилыққа жатпайтын, жеке ғалымдардың саяси тұрғыда бұрмалап әзірлеген ермектері көрінеді.

Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама