Шетелдік көліктерді заңдастыру апат санын арттыруы мүмкін – ІІМ
Заңдастырылған автомобильдердің орташа пайдалану мерзімі – 10-15 жыл
Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру көлік апаты санының артуына ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол елімізде көлік апаты жиі тіркелетінін атап өтті.
Қазақстанда көлік апаты жоғары деңгейде екенін мойындаймыз. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жүргізушілердің дайындығы. Екіншіден, автокөліктердің техникалық жағдайы. Үшіншіден, автожолдар мен инфрақұрылымның жағдайы. Осының бәрі көлік апатына тікелей себеп болып отыр, - деді Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет төрағасының пікірінше, шетелдік көліктерді заңдастыру көлік апатының санын арттыруы ықтимал.
Себебі көліктердің жылы ұлғайған сайын оның техникалық жағдайы төмендейді. Сондықтан автомобильдің техникалық жағдайына байланысты көлік апаттары болуы мүмкін. Бүгінде біз 206 мыңға жуық шетелдік көлікті заңдастырдық. Олардың орташа пайдалану мерзімі – 10-15 жыл. Мұның бәрі қарапайым халықтың мәселесін шешу үшін істелді, - деді ол.
Сөз соңында Қайсар Сұлтанбаев Қазақстанда көлік апатынан қаза тапқандардың саны азайғанын жеткізді.
«Биыл 6 айда елімізде 916 адам көлік апатынан қаза тауып, 6 762 адам жараланды. Былтыр 6 айда Қазақстан жолдарында көлік апатынан 947 адам көз жұмып, 8 117 адам дене жарақатын алды», - деді комитет төрағасы.