Halyq Uni логотип
×

«Үйленемін деді». Кәсіпкер Елбасымен құда Досановтың алаяқтық жолмен 1,3 млн долларын алып қойғанын айтты

Ғабит Досанов - Елбасының кенже қызы Әлия Назарбаеваның қайнатасы

 Айнұр Шошаева 29.04.2022 | 16:58
«Үйленемін деді». Кәсіпкер Елбасымен құда Досановтың алаяқтық жолмен 1,3 млн долларын алып қойғанын айтты
фото: Гүлмира Уәлиева, Ғабит Досанов

Алматылық кәсіпкер Гүлмира Уәлиева екі жылдан бері Елбасының құдасына берген 1,3 млн доллар қаржысын қайтара алмай жүр. Бүгін кәсіпкер елордада баспасөз мәслихатын өткізіп, Әлия Назарбаеваның қайын атасы Ғабит Досанов пен оның серіктесі Тоқтар Сәдуақасовтың тарапынан жасалған алаяқтықтың құрбаны болғанын мәлімдеді.

Кәсіпкер Алматыда жол және тұрғын үй салумен айналысқан. Компаниядағы серіктесі қайтыс болған соң үлесін сатуға мәжбүр болғанын айтады. Ал Ғабит Досановпен 2015 жылы танысқан.

«Танысқаннан кейін екі айдан соң ол гүл жіберіп, кітап сыйлап көңіл білдіре бастады. Алғашқы кездескен кезден бастап Ғабит Досанов өзін түрлі орта мен салаларда байланысы бар ықпалды кәсіпкер ретінде көрсетті. Ол бизнеске рұқсат алып беру және басқа да мәселелерді шешетінін, тіпті ірі көлемдегі тендер алып бере алатынын айтты. Мен сол кезде бизнесімді кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер іздестіріп жатқан едім. Жақын араласа бастаған соң жоспарымды айттым», - деді ол баспасөз мәслихатында.

Ол кезде кәсіпкердің «Альянс банкке» 700 млн теңге несие қарызы болған. Оны жабу үшін ауданы 500 шаршы метр болатын таунхаусын сатқан.

«Ол мені серіктесі Тоқтар Сәдуақасовпен таныстырды. Сәдуақасов құрылыс саласында бизнеспен айналысатынын айтып, бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Досанов серіктесіне сенетінін және ол келісімге 100 пайыз кепілдік беретінін айтты. Бұл жобаға ақша салып, одан түскен қаржыға несиені толық жауып, компанияда үлесім болатынына уәде берді. Жақсы ұсыныс болған соң келістім. 2015 жылдың 18 тамызында Ғабит Досановтың шотына 325 мың доллар алғашқы траншты аудардым. Сол күндері 275 мың долларды Тоқтар Сәдуақасовқа аудардым», - деп толықтырды кәсіпкер.

Кәсіпкер 2020 жылға дейін жалпы сомасы 1,3 млн доллар қаржысын берген. Ол ақшаға құрылыс, коммуникация, темір жол саласында бірлесіп жұмыс істемек болған.

«Әр кездескен сайын жаңа жоба туралы айтады. Оған ақша салмасақ бұған дейін салған қаржыны қайтара алмай қалуымыз мүмкін деп манипуляция жасады. 2017 жылы Досанов мені «Oz Sistem Kazakhstan» компаниясын сатып алуға көндірді. Өзімде ақша болмаған соң әкемнен көмек сұрап, оның жалғыз үйін саттық», - дейді ол.

Бұған қоса Уәлиева Досанов елордаға келгенде мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жоғарғы лауазымды басшыларымен таныстырғанын айтады.

«Біз астанаға көп келіп тұратынбыз. ҚТЖ және басқа компанияларға барып, басшыларына кіретін. Шыққан соң «мәселені шештім, енді күту керек» деп айтатын. Мен күттім. 2020 жылы әкем ауырып қалді. Ол салынған ақшаның қайтпай жатқанына күдіктеніп, Досановқа хабарласады. Ол әкеме «болары болды, қайда барсаң онда бар. Мені мазаламаңдар» деп, нөмірін бұғаттап тастады. Маған да дәл солай жауап берді», - деп қосты әйел.

2020 жылы алданған әйел Елбасының кеңсесіне хат жазып, Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұраған. Мәселені анықтау үшін Елбасы кеңсесінен кездесуге арнайы адам келгенін жеткізді. Алайда одан нәтиже болмаған соң 2021 жылы полицияға арызданған.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алайда тергеу органдары оны 1 жылдан астам уақыт созып келеді. Сотқа дейінгі тергеудің мерзімі қылмыстық заңнамалармен бекілген. Қылмыстық істің фигуранттары анықталған, тергеу органдары олар адамдардың қайда екенін біле тұра, тиісті тергеу амалдарын жасамай отыр. Іс қағаз жүзінде ғана бар. 2021 жылдың маусым айынан бері прокупатура мен тергеу органдарына 17 шағым түсірдік», - деді кәсіпкердің қорғаушысы Андрей Азбель.

Бұған қоса кәсіпкер Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Абдрахмановтың тарапынан қысым көргенін мәлімдеді.

«Тергеуші Досановты бетпе-бет жүздесуге бірде-бір рет шақырмады. Өткен жылы қарашада мен Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденовтің қабылдауына жазылдым. Кездесуге келгенде мені департамент басшысының орынбасары Рүстем Абдрахмановтың кабинетіне алып келді. Абдрахманов «қайда бара жатқанынды білесің бе?!» деп істі жабатынын айтты. Ол маған қысым жасады», - дейді ол.

Гүлмира Уәлиеваның пікірінше, қылмыстық іс Досановтың Елбасымен туыстық қарым-қатынасына байланысты тергелмей отыр. Сондай-ол Досановтан зардап шеккен басқа да адамдар болуы мүмкін екенін айтады.

«Мен олардың жазаланғанын қалаймын. Себебі мұндай заңсыздықтың жалғаса беруі мүмкін емес. Олар әлі де адамдарды алдап жүруі мүмкін. Мен соларға сеніп банкрот болдым. Қазір екі қызымның қолына қарап отырмын. Әкемді үйсіз қалдырғаннан кейін ата-анам маған қалай көмектеседі? Олардан көмек сұрауға дәтім бармайды», - деп толықтырды сөзін Уәлиева.

Сондай-ақ кәсіпкер осы оқиғадан соң Әлия Назарбаеваның күйеуі Димаш Досановқа хабарласып, мән-жайды жеткізгенін айтты.

«Димаш, осындай жағдай болып жатыр. Әлі сене алар емеспін. Ол «Менің әкемнің олай істеуі мүмкін емес. Сізге Сәдуақасов қарыз» деп айтты. Ол кезде Димаш «ҚазТрансОйл» басқарма төрағасы болды. Мен оған әкесі берген қолхаттар мен аударған ақшаның чегін жібердім. Көрді, бірақ жауап бермеді. Біраз уақыттан соң Ғабит Досановтың екінші ұлы Рустамды кездестірдім. Ол маған қылмыстық іс қозғау үшін арыз жазатынымды айтқанда «ұлы әкесі үшін жауап бермейді» деп жауап берді. Ғабит Досанов бірлескен бизнестен бөлек, бөлек маған үйленетінін де айтқан болатын», - деп қорытындылады сөзін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама