Астанада тозығы жеткен үйлер бірте-бірте бұзылады – Байқоңыр ауданының әкімі

Дастан Жұмабекұлы

Бізге қазірдің өзінде жан-жақтан инвесторлар хабарласып жатыр, - деді ол

Фото: gov.kz

Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, елорда әкімі Жеңіс Қасымбекке қаланың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бір жыл уақыт беретінін, осы уақытта  Астананы өркендету үшін ең алдымен әкімдік, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында сенімді серіктестік орнатып, әрбір азаматтың тұрмыс деңгейін жақсартуды тапсырған болатын.

Осыған байланысты бүгін біз қаланың Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаевпен кездесіп, аудандағы тозығы жеткен жер үйлердің проблемасы туралы айтып беруін өтінген едік.

Ерлан Әлімбайұлы әңгімеге ашық әкім екен. Оның біздің өтінішімізді ескеріп, кездесуге бірден келіскені қуантты. Кездесуде оның бойынан адаммен ашық сөйлесетін, кез келген сұраққа жауап беруге дайын тұратын қасиетін байқадық. Бұл әкімді мақтағандық емес. Бұл кездесуден түйген ойымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі әкімдердің халықпен жақын араласып, ашық болуын айтып келеді. Осы ретте әкімдердің бәрі Ерлан Жаулыбаев сияқты қарапайым халыққа, оның ішінде біз сияқты БАҚ өкілдеріне де ашық болса екен дейміз.

-Кеше президент Астананы дамыту жөнінде өткізген кеңесте қаланың оң жағалауына баса назар аудару керек деген еді.  Яғни, қаланың оң және сол жағалауын бірдей дамыту туралы тапсырма берді. Әрине, қаланың оң жағалауында біраз жұмыстар істелінді. Оны көріп те жүрміз. Бірақ, ел ішінде «Артем» базары аталып кеткен базардың маңындағы Биші Қайың (Күлтегін), Асан Қайғы, Сырдария, Лермонтов және басқа да көшелерде орналасқан үйлерге қатысты проблемалар әлі де бас қылтитып, көтеріліп келеді. Жақында қала әкімі Жеңіс Қасымбек те осы көшедегі үйлердің бұзылатын үйлердің тізімінде бар екенін, мәселен, алдағы үш жылда апатты үйлердің тұрғындары үшін 2,5 мыңнан 3 мыңға дейін пәтер салуды жоспарланып отырғанын айтты. Қазір осы көшелердегі үйлерді бұзуға байланысты қандай жұмыстар істелініп жатыр?

-Иә, Биші Қайың (Күлтегін), Асан Қайғы, Сырдария, Лермонтов және басқа да көшелерде орналасқан үйлерге қатысты проблемалар жетеді. Біздің ауданда өткен ғасырдың бас кезінде салынған жер үйлер мен әбден тозығы жеткен екі қабатты, бес қабатты үйлер бар. Оны өздеріңіз де көріп, біліп жүрсіздер. Мысалы, 1954 жылы салынған үйлер бар. Олардың бәрі сүріледі. Қазір  біз, жаңа өзіңіз айтып кеткендей, ел ішінде «Артем» базары аталып кеткен базардың маңындағы үйлердің мәселесімен айналысып жатырмыз. Мысалы, Асан Қайғы көшесіндегі тақ санды үйлерді бұзып, жерді қазып, жарықты жеткізу жолын (Линия электропередачи, ЛЭП ) саламыз. Оған республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Сол кезде Асан Қайғы көшесіндегі 270 үйдің 130-ы бұзылады.

Жарықты жеткізу жолы Сырдария, Шара Жиенқұлова, Биші Қайың, яғни бұрынғы Күлтегін көшелеріне дейін барады.  Байқоңыр ауданында «Лесозавод» деп аталып кеткен жер бар. Осы жердегі үйлерді бұзуға да біраз ақша кетеді. Оған 12 млрд теңге кетеді екен. Жаһанша Досмұхамедов көшесінде құлаудың алдында тұрған 1 200 пәтерлі 6 үй бар. Оны бұзбасақ ол бір күні құлауы мүмкін. Бұл көше Ақжол мен Жетіген көшелерімен қиылысады. Сол сияқты Телжан Шонанұлы көшесінде 900 пәтер сын көтермейді. Чехоев көшесінде 1 үйдің 24 пәтері апатты жағдайды тұр. Осындай мысалдар көп. Осының бәрімен айналысу керек. Ал Асан Қайғы көшесінде жарықты жеткізу жолын жүргізсек, «Тұлпар» сауда орталығының арт жағындағы көшелердегі радиациядан құтыламыз.

-Радиация демекші, оны halyq-uni.kz ақпарат порталы да жазған болатын. Енді қазір Байқоңыр ауданында тозығы жеткен, әбден ескіріп, тұруға болмайтын үйлер бұзылып жатыр ма?

-Биші Қайың көшесі, Шара Жиенқұлова көшесінен бастап Асан Қайғы көшесіне дейінгі жер учаскелері құрылысқа беріледі. Бұл жерде 38 тұрғын үйдің 58 иесі бар екен. Соның ішінде 20 үй мемлекеттің қажеттілігі үшін сатып алынды.

Астаналық базардың маңындағы Сырдария көшесін Биші Қайың көшесінен бастап Әліби Жангелдин көшесіне дейін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл жерде 14 үй бұзылуға сұранып тұр. 14 үйдің 16 иесі бар екен. Соның ішінде екі үй сатып алынды. Биыл 24 сәуірде бес үй бағаланды. Сонымен бірге Шара Жиенқұлова көшесін кеңейту де жоспарда бар. Оның құрылысы Алаш шоссесінен басталып, Абыралы жолағына дейін болады. Осы жердегі 7 тұрғын үй бұзылады. Қазір екі үйді бұзу мәселесі шешілген. Тағы екі үйдің мәселесі сот арқылы шешіліп жатыр.

-Алдағы уақытта Астанада ескі үйлер инвесторлар есебінен сүріледі деген сөз рас па?

-Иә, ол сөз рас. Мысалы, бізге қазірдің өзінде жан-жақтан инвесторлар хабарласып жатыр. Жаңа Асан Қайғы көшесі туралы айтып едім ғой. Сол көшеге инвесторлар келгісі келеді. Олар: «Бізге су құбырын жүргізіп берсеңіздер, ескі үйлерді өзіміз-ақ сатып аламыз», дейді.

-Сонда оң жағалаудағы жерге «талас» басталады десеңізші.

-Иә, солай болып тұр.

Әңгімеңізге рахмет!

Бұған дейін хабарланғандай, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаланың құрамына кіретін «Кирпичный» және «Өндіріс» елді мекендерінің тұрғындармен кездесіп, аталған елді мекендерде әбден тозығы жеткен, апатты тұрғын үйлерді бұзылатынын айтқан болатын.